Қазіргі уақытта Астананың алдыңғы қатарлы медициналық мекемелері соңғы технологиялар бойынша әзірленген жаңа құрал-жабдықтармен жабдықталып жатқандығы белгілі. Соның бірі – «Травмотология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты» РМК.
Жуықта бұл институтта дене жарақаттарын алған немесе туа біткен кемтар науқастарды емдеп жазуға арналған жаңа медициналық құрал-жабдықтардың таныстырылымы және осы оқиғаға арналған журналистермен баспасөз мәслихаты болып өтті. Бұл құрал-жабдықтар «Самұрық-Қазына» қорының қаржылай қолдауымен сатып алынған екен.
– Қазір осындай жаңа технологияға ие болуымыздың нәтижесінде жұмысымыз біршама алға басты. Омыртқалары зақымданған науқастарды да емдеу мүмкіндігіне ие болдық. Осыған байланысты соңғы кездері бізге келіп омыртқа кінәраттарынан айыққан адамдар саны артуда, – деді осы мәселе жөнінде әңгіме қозғаған институт директоры, «Травмотологтар мен ортопедтердің қазақстандық ассоциациясының» төрағасы Нұрлан Батпенов.
Баспасөз мәслихатында елімізде жыл сайын 250-ге тарта адамның өз дене құрылыстарын түзету үшін жоғары сапалы медициналық көмек пен ота жасауды қажет ететіндігін, олардың 210-ы балалар мен жасөспірімдер екенін білдік. Енді, міне, ChM, Medtronic, Expedium секілді компаниялардың жасап шығарған дене түзету құрал-жабдықтарының нәтижесінде осы проблема шешімін таппақ.
Нұрлан Батпенов осы жағдайларды айта келе осындай бағалы құралдарға қол жеткізуге көмек жасаған «Самұрық-Қазына» қорына үлкен алғысын білдірді.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».