«Біз – Жеңіс ұрпақтарымыз» акциясы «Достар» мәдениет сарайында өтіп, жұртшылық назарындағы мерекелік шараға ұласты. Көкшетаудағы №5510 әскери бөлімі 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлік туын салтанатты жағдайда қабылдап алды. Оны Степногор қаласындағы №3517 әскери бөлімінің командирі Жарқын Сапариянов тапсырды.
Бұл ту Ресей Қарулы күштерінің Орталық музейінде сақтаулы. Ал оның көшірмесі 2015 жылдың 10 қаңтарында Астанадағы Ұлттық ұланға қарасты жедел бригаданың мұражайына мәңгілік сақтауға берілген еді. Бұл ту Ұлттық ұланның өңірлік бөлімдері орналасқан барлық 25 елді мекендегі мерекелік салтанаттардың биік тұғырында желбірейтін болады. Сонымен қатар, осынау қымбат жәдігер Отанымыздың астанасындағы, 7 мамыр күнгі Әскери шеруге шығарылмақ.
Бұл ту өзінің жауынгерлік жолын 29-шы дивизия жауынгерлерінің қоршаудан шығу операциясындағы рухын көтерген болатын, – деді Көкшетаудағы №5510 әскери бөлімнің командирі, подполковник Жанболат Төлегенов. – Одан әрі ту Ақмолада жасақталған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жеңісті жолдарына екпін берді. Аталған дивизия Сталинград шайқасында ерлік өнегесін танытқаны тарихтан мәлім. Сондай-ақ, Курск доғасындағы, Харьков, Мерефу, Красноград, Кировоград, Днепр, Румыния, Трансильвания, Венгрия, Австрия, Чехословакия, тағы басқа қалалар мен елдерді азат ету ұрыстарында жауынгерлік ту алғы шепте болды. Соғыс жылдарында гвардиялық дивизияның 18 мың жауынгері мен офицері орден, медальдармен марапатталса, 31 кісі Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Салтанатты жиынға қатысушыларды Ақмола облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы, запастағы полковник Дуанбай Ыбыраев, №5510 әскери бөлімде қызмет атқарып жатқан жауынгерлердің ата-аналары құттықтады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Көкшетау.