• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2015

Бір оқ – бір нысана

285 рет
көрсетілді

Алматы облысы Жаркент қаласының маңындағы Аэроұтқыр әскерлер мотоатқыштар бөлімінің базасында қазақстандық мергендермен қатар, Қырғыз Республикасы Қарулы күштерінің алты мергені де жиынды аяқтады. Бұл ҰҚШҰ шеңберінде өткізілген оқу-жаттығулар бары­сында қол жеткізілген уағ­даластыққа сәйкес өтіп отыр. Жиынға Қазақстан Аэроұтқыр әскерлері десанттық-шабуылдау, мотоатқыштар бригадаларынан және барлау бөлімшелерінен барлығы 170-тен астам мерген қатысты. Бұдан бұрын мергендерді дайындау әскери бөлімдерде өткізіліп келген болатын. Бұл жолы тұңғыш рет Аэроұтқыр әскерлерінің барлық мергендері бір бөлімнің аумағына оқшау жиналып білімі мен біліктілігін арттырды, кәсіби дағдысы мен тәжірибесін жетілдірді. Үш апта бойғы жиынға қатысқан әскери қызметшілер кәсіпқой сержанттардан құралған тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен далалық жағдайда мергендік өнердің қыр-сырын меңгерді. Мергендермен тактикалық, таулық, инженерлік даярлықтар мен атыс даярлығынан сабақтар өткізілді. Тау мен далада, күндіз және түнгі жағдайда мергендер таныс емес жерде бағдар табуға жаттығып, қарулардың тактика-техникалық сипаттамаларын зерделеді, барлау даярлығынан өтті. – Мергендер барлық жағынан кәсіби болуы тиіс. Негізгі күш­терден алыс жерде дұрыс іс-қимыл жасауға шешім қабылдай білу, «бір атылған оқ – бір жойылған нысана» қағидаты бойынша жұ­мыс істеу олардың негізгі қағи­дасы, – дейді жиын басшысы, Аэроұтқыр әскерлері қолбасшысы басқармасы жауынгерлік даярлық басқармасының аға офицері подполковник Жанарбек Слямов. Сондықтан да Қазақстан Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы мен Аэроұтқыр әскерлердің қол­басшысы мергендер даярлы­ғына үлкен көңіл бөліп отыр. Жиын соңында сертификаттар табыс етіліп, оның аяқталғанын білдірді. Сертификаттарға қазақ­стандық мергендермен қатар қыр­ғыз­стандық әріптестер де ие болды. Елдеріне оралған соң олар өз армиясында қазақстандық дәстүрге сәйкес жиындар өткізіп, көрген-білгендерін үйрететін болады. «Егемен-ақпарат».