Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов ДДҰ Еуропа өңірлік бюросының директоры Жужанна Якабты қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Қабиболла Жақыпов алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша ДДҰ Еуропа бюросы кеңсесінің Алматыда ашылуымен құттықтады. Салтанатты шара 11 ақпанда өткен болатын.
Тараптар бұл Қазақстан мен Орталық Азия ғана емес, Еуропа үшін де маңызды оқиға екенін атап өтті.
Мәжіліс Төрағасы Қазақстан Президентінің маңызды бағдарламаларында денсаулық сақтау мәселесіне айрықша басымдық берілетінін алға тарта келіп, Елбасы саясатының әлемдегі экономикалық жағдайға қарамастан әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.
Өз кезегінде Жужанна Якаб кеңсенің Қазақстанда ашылуы – Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық және аймақтық деңгейдегі денсаулық сақтау мәселесіне қатысты теңдессіз рөлінің айқын дәлелі екенін жеткізді.
Осы ретте мәртебелі мейман Қазақстан Президентінің әлеуметтік саланы инвестициялау қажеттілігіне қатысты көреген шешімдерін айтып, біздің еліміздің алға қойған барлық мақсаттарына жететіндігіне сенім білдірді.
Кездесу барысында Мәжіліс Төрағасы Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге, денсаулықты нығайтуға, дәрі-дәрмек саясатын дамытуға бағытталған заңнамалық жұмыстар туралы әңгімеледі.
Жужанна Якаб денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту көрсеткіштері бойынша жетістіктерді тізбелей келіп, ДДҰ мен Қазақстанның өзара іс-қимылына жоғары баға берді.