– дейді аудан әкімінің есеп беру жиынында сөз алған ақсақалдар
Аудан әкімі Нұрлан Әутәліпов өңірге қарасты 40 шақты ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайларының жақсарғаны, экономикалық даму көрсеткіштері бойынша облыста алда келе жатқанын айтып өтті. Көкөніске, картопқа бай аудан. Мал жетеді. Су келуде, жолдар жөнделуде, клубтар салынуда, мектептер, балабақшалар ашылуда. Көйлек көк, тамақ тоқ.
Алайда, ауыл ақсақалдарына маза бермей жүрген мәселе –ауылдың, мектептің Красноармейка аталып тұрғаны.
Жасымыз 80-ге келді. Ауылдың Шаңды атауының қайта оралғанын көріп, естіп кетсек деп жүрміз, – деді Жармұханбет, Қапият ақсақалдар.
Ал тарихта қазақ-қалмақ соғысындағы қырғын жорықтардың бірі – «Шаңды жорығы» деп аталғаны белгілі. Былтыр облыс орталығында Баян батырға ескерткіш орнаттық. Еділден бергі «Шаңды жорығынан» соң, Ерейментауды жайлаған қалмақтарды қуған тағы бір «Шаңды жорық» болған деседі.
Баян батыр осы жорықта қазаға ұшырайды. Бұл жайында Үмбетей жыраудың дастанында «Ішкі шаңды жорық» жасап, Ерейменнен қашқан қалмақтарды қазақ батырларының ойсырата қуғаны баяндалады. Қалмақтармен соғыстағы соңғы және ең ауыр шайқастар кезеңі осы жорық екенін айтады. Ақсақалдар айтқандай, Шаңды әуелден осы жердің атауы болмаса, осы күнге дейін ел ішінде сақталып келмес еді. Өзгелер жерімізге көшіп келгенде ауылдар болған жоқ деген жаңсақ пікірлер өткен тарихты білмегеннің кесірі. Қазақ атауларының әрқайсысында шежіре жатыр. Мысалы, 2009 жылы Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданында Чайда деп тұрған ауыл – Шаңды ауылы болып қайта оралды. Біздің өңірде де «шаңды» заманынан қалғандай көмескі із қайта оралуға өзінен өзі сұранып тұрғандай. Аудандағы Луганск, Киров, Ольгинка, Григорьевка, Черноярка, Чернорецк, Ямышево, Ефремовка, Заря, Мичурин, Рождественка, Сычевка, Розовка, Новочерноярка, Пресный, Подстепное, Комарицино, Коряковка, Даниловка, Максимовка, Набережное, Богдановка, Березовка, Заозерное аталатын ауылдардың да атаулары бүгінгі елдік мақсат-мүддеге сай аталғандары мәнді-мағыналы болар еді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан.
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы.