Хоум Кредит банкі «Бақыт депозит» салымшылары арасында алғашқы 100 жүлденің ұтысын ойнатты
Бұл ұтыстың айрықша болатын себебі, мұның өзі осы шараға қатысушылардың баспаналы болуының басы. Банк қызметкерлерінің түсіндіруінше, «Бақыт депозитке» салған 1 мың теңгенің өзі Астанадан баспаналы болуға мүмкіндік береді екен. Хоум Кредит банктің алғашқы пәтер ұтысы 2016 жылғы 16 қаңтарда ойналады және әрбір 6 ай сайын қайталанып тұрады. Сыйлық ақшалай баламада 10 миллион теңге мөлшерінде беріледі. ТМД кеңістігінде де бірегей болып саналатын «Бақыт депозит» 2015 жылдың бірінші маусымынан жұмыс істей бастаған. Әр ай сайын оның салымшылары арасында республиканың түрлі қалаларында 100 бағалы сыйлықтар ойналады. Салымшы бір рет ұтысқа ие болғанымен, келесі ойындарға да үміткерлер қатарында қала береді және басты жүлдені алу мүмкіндігінен де айырылмайды.
Сәттілік марафоны Ақтөбеден бастау алды, өйткені, қала тұрғындарының 40 пайызы Хоум Кредит банктің қаржылық тұрақтылығы мен жоғары кәсіби деңгейіне сенетін көрінеді. «Мега Ақтөбе» сауда-ойын-сауық орталығы алдындағы алаңға Хоум Кредит банктің «Бақыт депозитінің» шапағатын көргісі келетін тұрғындар ұйымшылдықпен жиналды.
Банктің Ақтөбедегі филиалының директоры Айсұлу Ордабаеваның мәлімдеуінше, клиенттер алдыңғы ойынның жеңімпазы болса да, кезекті жүлделерді сарапқа салуға қатысып, ұтыс иесі атануына болады. Салым сомасы көп болған сайын мүмкіндік те молаяды. Ол басқа банктердің ұтыс ойынын жабық өткізетініне, ал Хоум Кредит банк қана өз акцияларын ашық жүргізетіндігіне назар аударды.
Эстафетаны Ақтөбеден Семей қаласы қабылдап алды, онда да тамыз айында жүз салымшыны жүлде күтіп тұр.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.