Футболдан Еуропа лигасының 6 тамыз күні Шотландияның Абердин қаласында жергілікті «Абердин» мен Алматының «Қайрат» командалары арасында өтетін қарымта кездесуі Kazsport телеарнасынан көрсетілмейді.
Бұған шотланд жағының аталмыш матчтан трансляция жүргізбейтіні себеп болып отыр. Олар бұл туралы Kazsport телеарнасына арнайы жолдаған хатында баяндаған.
«Біздің барынша күш салғанымызға қарамастан, Қазақстан командаларының Еуропа кубоктары үшін шет елдерде ойнаған кейбір ойындарын бұған дейін де көрсете алмаған кездеріміз болған. Мысалы, «Астананың» қонақта өткен «Марибор» клубымен бірінші кездесуінде сондай жағдай тіркелді. Себебі, Словения телевидениесі Марибордағы матчты түсіруге де, оны көрсетуге де құлықты болған жоқ. Және мұның себебін түсіндіріп те жатпады. Біз дәл қазіргі «Абердин» – «Қайрат» кездесуінде қалыптасқан ахуалдағыдай онда да соңғы мезетке дейін мәселенің оң шешілуіне үміт артқанбыз. Бірақ бәрі бекер болып шықты», – деді телеарнаның продюсері Павел Цыбулин.
Еске сала кетейік, «Қайраттың» шотланд клубымен өз алаңында өткізген бірінші ойыны 2:1 есебімен біздің жігіттердің жеңісімен аяқталған. Оны Kazsport арнасы тікелей эфирден көрсетті.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.