• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2015

«Астананың» бабы келмей жүр

309 рет
көрсетілді

АСТАНА. 14 ақпан. «Астана» баскетбол командасы ВТБ Бірыңғай лигасы аясында финляндиялық «Байзонсты» қабылдап, 80:90 есебімен есе жіберді. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. «Сарыарқа» республикалық велотрегінде өткен ойын қонақтардың басымдығымен басталды. Есеп ашып, алғашқы ұпайға ие болған финдер уақыт өткен сайын қарқынын күшейтіп, ойын тізгінін уыстарынан шығарған жоқ. Нәтижесінде, бірінші кезең 12:20 есебімен «бизондардың» пайдасына аяқталды. Екінші кезеңде ойын өрнегі өзгеріссіз қалды. «Байзонс» қоржынындағы ұпай санын молайта берсе, «Астана» есепті қысқарту үшін тер төкті. Алайда, қонақтар алаң иелеріне еш мүмкіндік бермей, есепті 35:51-ге жеткізіп, үлкен үзіліске аттанды. Он бес минуттық үзілістен кейін Рамунас Бутаутастың шәкірттері жинақылық танытып, есеп айырмасын айтарлықтай қысқартты. Джейкован Браун, Джерри Джонсон, Павел Ильин, Ник Медли сынды «Астана» ойыншылары белсенділік танытып, бірінен соң бірі командаға маңызды ұпайлар алып келді. Соның нәтижесінде, шешуші кезең алдындағы үзілісте таблодағы есеп қонақтардың пайдасына 57:61-ді көрсетіп тұрды. Спорт кешеніне жиналған жанкүйер соңғы төртінші кезеңде «Астананың» жеңіске жететініне сенімді болған. Себебі, үшінші кезеңде ойындағы басымдық толығымен алаң иелерінің қолына көшкен еді. Дегенмен, «бизондарды» Астанаға бастап келген бас жаттықтырушы Грег Гибсон үзілісте шәкірттеріне жігерін жанитын сөздермен дем бере білгені анық байқалды. Үшінші кезеңдегі қателіктерінен сабақ алған финляндиялықтар қорғана жүріп, қажет ұпайларын қоржынға салуды ұмытпады. Нәтижесі белгілі. «Байзонс» жеңіске жетсе, «Астана» лига аясында қатарынан 6-рет жеңіліп отыр. Бүгінде елордалық команда турнир кестесінде 12-орында келеді. Келесі ойынды да өз алаңында өткізетін «Астана» 16 ақпан күні мәскеулік ЦСКА-ны қабылдайды. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: bcastana.kz.