• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2015

Палуандарымыз Беларусь елінен олжалы оралды

370 рет
көрсетілді

АСТАНА. 16 ақпан. Есту қабілеті төмен палуандарымыз Беларусь елінде өткен додадан 2 алтын, 3 күміс пен 1 қола медальді жеңіп алды. Бұл туралы «Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы» хабарлады. Сурдолимпиадашылар арасында еркін күрестен өткен бұл жарыс палуандарымыздың бабында екендігін көрсетті. Астанадан аттанар алдында «Осы бәсекеде алтын бастаған бірнеше жүлдеге қол жеткізуге тиіспіз» деген бапкер Ерназар Қонысбаевтың айтуынша, елімізден барған жеті палуанның алтауы жүлделі орынды жеңіп алды. Жыл басындағы алғашқы жарыстан 2 алтын, 3 күміс пен 1 қола медальді жұлып түсу оңай емес. Біздің жігіттер ерледі. Нұрсұлтан Дүйсенбиев пен Ғабит Есжанов қарсылас шақ келтірмей, ақтық сайысқа сүрінбей жетті. Беларусьтің Бобруйск қаласында екі мәрте Қазақтың әнұраны шырқалып, екі дүркін Көк байрағы аспандап тұрды. Бағдат Сәбитов, Шонху Хайратхан және Рахымберлі Қабылбеков финалда тек кілем иелерінен ұтылып, күміс медальді кеуделерінде жарқыратты. Ғалымбет Молдашев болса қола медальді қанағат тұтты. Арменияда 2014 жылы өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында грек-рим мен еркін күресінен қатар белдесіп, қос күміс медальді иеленіп қайтқан Мұхтар Есенғосұлының ғана бұл жарыста жолы болмады. Жас палуан тәжірибесінің аздығынан алғашқы айналымда-ақ жарыс жолынан шығып қалды. Ғабит Есжанов (65 кило) – алтын медаль. Нұрсұлтан Дүйсенбиев (57 кило) – алтын медаль. Бағдат Сәбитов (74 кило) – күміс медаль. Шонху Хайратхан (125 кило) – күміс медаль. Рахымберлі Қабылбеков (97 кило) күміс медаль. Ғалымбет Молдашев (65 кило) – қола медаль.   Жолдыбай Базар. Дерек. сурет: Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы.