20 қаңтарда АҚШ қана емес, бүкіл әлем алаңдап әрі қызығушылықпен күтіп отырған оқиға болып, жаңадан сайланған президент Дональд Трамп өзінің қызметіне кіріседі. Алаңдау мен қызығушылықтың басты себебі – ешқашан мемлекеттік қызметті атқарып көрмеген адамның әлемдегі ең әлеуетті мемлекеттің ең жоғары лауазымының орынтағына шығуы болып отыр.
Мемлекеттік қызметтің барлық орта және жоғары буындарындағы органдардың өзіндік қалыптасқан дәстүрі, әдісі мен айласы, жасалған жолдары, тіпті мәдениеті мен тәртібі болады. Ондайлармен ешқашан таныспай, қолданып көрмей, тек өмірдің қайнаған қазанының қақ ортасы – үлкен бизнесте барынша белсенді болып жүрген жанның бірден ең жоғары орынға баруы – Америка түгіл шағын мемлекеттердің өзінде бұрын-соңды болып көрмеген оқиға. Осы уақытқа дейін Д.Трамптың көргендері тек бизнестің тәуекелдері мен жеңістері, шығыстары мен кірістері ғана.
Рас, төңкеріс жолымен үкімет басына келген большевиктердің басшылары да ешқашан басқару органдарын көрмеген адамдар еді, бірақ олар кәсіби саясаткерлер болды, өмірінің барлық мақсаты бұрынғы билікті өзгертіп, жаңаша басқаруға, соны әдістерді жасауға арналды.
Д.Трамптың қайда соғарын, қандай бағытты қаларын тап басып біле алмаған саяси сарапшылардың дүдәмал ойлары көп. Әрине, АҚШ-та бәрі қалыптасқан, саяси өмір күре жолдың қалыбынан шыға алмайды, президент басқа жолға бұра тартпақ болса, оны Конгресс бұлтартпайды деушілер көп. Бірақ президентке де көп нәрсе байланысты, көп мәселені ол жеке-дара шеше алады.
АҚШ билігінің тарихында айды аспанға бір-ақ шығарып, қара нәсілділер арасынан тұңғыш президент болып сайланған Барак Обама болса, өзінің қоштасу сөздерін 11 қаңтарда Чикаго қаласында жариялап, елдің алдындағы есебін берді. «Осыдан сегіз жыл бұрын мен Америка ұлы депрессияны еңсеріп, автоиндустриямызды қайта құрады, тарихымыздағы жұмыс орындарын ашудың ең ұзақ мерзімін жасайды… Куба халқымен тарихтың жаңа бетін ашамыз, Иранның ядролық бағдарламасын бір оқ шығармай жоқ қыламыз, 11 қыркүйек шабуылының дем берушісін жоямыз… Некеде теңдікке қол жеткіземіз және медициналық қамсыздандыруға тағы да 20 млн адамның қолын жеткіземіз… – десем, мені қияли адам деген болар едіңіздер», дей келіп, Б.Обама өзінің президенттік мерзімінде осыларға қол жеткізілгенін атап өтті.
Рейтер агенттігінің айтуына қарағанда, «Обаманың жылдарында» Америка жұмыссыздық деңгейін 9,9 пайыздан 4,7 пайызға түсірді, 2010 жылдан бастап 15,8 млн жаңа жұмыс орындарын ашқан. 2008 жылы ІЖӨ өсімі – 29 пайызбен кері сальдода болса, 2015 жылы 2,6 пайыздық өсімге жеткен. Жан басына шаққандағы ІЖӨ көлемі 2009 жылғы 48,5 мыңнан 2016 жылдың аяғында 57,2 мың долларға өскен.
Барак Обама БҰҰ-ның табиғаттың өзгеруі бойынша Парижде 2015 жылы жасалған келісімнің қажеттігін жоғары бағалады. Сайлауалды науқанында бұл істі жаңадан сайланған президент Д.Трамп сын тезіне алып, жаһандық жылынудан болатын қауіптің зардабына шүбә келтірген еді. Сондықтан да ол қалдықтарды азайту туралы міндеттеме алуды қолдамайтынын білдірген.
Өзінің қоштасу сөзінде Барак Обама Ислам атынан сөйлейтін фанатиктермен қатар, «нарықтың еркіндігін, ашық демократия мен азаматтық қоғамды өзінің билігіне қауіп деп санайтын» автократтар да әлемдік тәртіпке қатер төндіретінін атап өтті. Алайда, нақты қандай елдер екенін атамады. Сонымен бірге, ол демократиялық құндылықтардың әлсіреуі соғыс қаупін тудыратынын да айтты. Америкаға төндіретін қауіптің қатарында ол елдің барлық байлығын тұрғындардың 1-ақ
пайызы ғана қамтып, қалған 99 пайызы экономиканың жақсы нәтижесін көре алмағандығы екенін атап өтті. Бұл – К.Маркстың байлықты миллиондар өндіріп, нәтижесін ондаған адамдар ғана көру арқылы еңбек пен капиталдың арасындағы мәңгілік қайшылықты тудырады деген теориясын қостау сияқты көрінді.
Президент Америкаға қауіп төндіретін екінші қатер – нәсілдік кемсітушілік екенін атады.
Сөйтіп, бір президент кетіп, екіншісі келіп жатыр. Халықаралық сахнадағы оқиғалардың өрбуі көп жағдайда әлемдегі алып елдің ұстанатын саясатына тәуелді…
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»