• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2015

Батыс Қазақстанда экологиялық келеңсіздіктерге жол берілген

599 рет
көрсетілді

ОРАЛ. 15 ақпан. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Батыс Қазақстан облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қабижан Қапанов пен бас мемлекеттік экологиялық инспектор Ерлан Сапаровты қызметінен босату туралы ұсыныс жасады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы 2010-2012 жылдары «ОралОйлЭндГаз» кәсіпорны бұрғылаған жерден «МұнайАвтоТранс» және «БатысТабиғат» ЖШС мұнай қалдықтарын тасығанын анықтады. Осы әрекеттері арқылы олар Зеленов ауданы аумағын ластаған. Соның салдарынан миллиард теңгеге таяу зиян келтірілген. Осы экологиялық қылмысты жасағаны үшін алғашқы аталған кәсіпорынның директоры Аслан Мұқанов сотталған. Алайда, оған кезінде экология департаменті ешқандай шара көрмеген. Осыған ұқсас оқиғалардың бұдан кейін де бірнеше рет қайталанғаны белгілі болған. Әйтсе де экология департаменті жүрдім-бардым қараған. Содан кейін ауа мен қоршаған ортаны ластаушылар ойларына келгенін істеп, емін-еркін тайраңдай бастаған. Осындай «жалпақшешейліктің» салдарынан өткен жылы КПО б.в кенішінде 1,2 миллион текше метр көлеміндегі газды заңсыз жағудың 106 дерегі орын алған. Тағы бір көзжұмбайлықтың сыры төмендегідей. Өткен 2014 жылы қарашаның аяқ кезінде Қарашығанақ кенішіне таяу орналасқан Березовка ауылы аумағында ауадағы күкіртсутегі мен бензолдың мөлшері тиісті нормадан әлдеқайда көп болған. Оны «Ганг» аппараты анықтаған. Алайда, сол тұста осы күрт ауытқушылықты экологиялық мониторинг стансасы көрсетпеген. Сол күндері Березовка тұрғындарының жаппай уланғаны белгілі болған. Экология департаменті жетекшілері мұндай салғырттық орын алған оқиғаға байланысты қозғалған істі тергеу мен анықтауға кедергі келтірген. Қысқасы, прокуратура органдары анықтаған деректерге сүйенсек, заңды тұлғалар қоршаған ортаға орасан зор зиян тигізген. Атап айтқанда, миллирдтаған және милиондаған теңге шығын келтірген кәсіпорындардың қатарында КПО б.в шетелдік компаниясы, «ОралОйлЭндГаз», «МұнайАвтоТранс» және «БатысТабиғат» ЖШС бар. Әйтсе де, экология департаменті басшылары осы өрескел жәйттерге орай экологиялық аудит жүргізу туралы шешім қабылдамаған. Соның салдарынан жер қойнауын пайдаланушылардан бюджетке миллиардтаған теңге көлеміндегі салықтық төлемдер түспей қалған. Темір Құсайын. Дерек: egemen.kz. Сурет: krasproc.ru.