ҚЫЗЫЛОРДА. 4 тамыз. Қызылорда облысы әкімдігінде бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша кеңейтілген мәжіліс өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Алты айды қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қазіргі экономикалық жағдайға қарамастан облыста әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі салалары бойынша көрсеткіштер жақсы екенін айтты. Мысалы, облыста тұтынушы бағалар индексі орташа республикалық деңгейден төмен, тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша жағдай тұрақты, ал салық түсімі бойынша облыс басқа өңірлер арасында бірінші орында. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 1800 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, облыстың жартыжылдық даму қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасарлары Наталья Годунова мен Серік Қожаниязов және бірқатар мемлекеттік орган басшылары баяндама жасады. Аймақ басшысы облыс экономикасын нығайту және әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жақсарту бойынша жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді.
Ержан Байтілес.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: ҚазАқпарат.