ҚЫЗЫЛОРДА. 4 тамыз. Қызылорда облысында алғашқы жартыжылдықта 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Өнеркәсіп көлемінің жалпы төмендеуіне қарамастан, өндірістің кейбір салаларында өсім байқалады. Ет-сүт өнімдерін өндіру көлемі ұлғайған, тұрғындардың табыстары мен жеке тұлғалардың депозит көрсеткіштері де айтарлықтай өсті. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда құрылыс саласында да біршама даму бар. Қазіргі таңда облыста 23 мектептің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде 18 білім ордасын биыл ашу жоспарлануда. Одан бөлек, өңірдің орта білім беру саласындағы оң өзгерістерді ерекше атап өткен жөн. Ұлттық біріңғай тестілеуді тапсыру көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартып, Қызылорда облысы республикада 5-орын иеленді.
Ержан Байтілес.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: ҚазАқпарат.