Бұрнағы күні Ақмола облысы, Аршалы ауданына қарасты Арнасай елді мекенінде ерекше іс-шара болып өтті. Ауылдағы «Вячеслав» орта мектебі аумағында «Астана ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі құрметіне алма ағаштары отырғызылып, болашақ «ЭКСПО бау-бақшасының» негізі қаланды.
2017 жылы Астанада ТМД елдерінің ішінде алғаш рет «Болашақтың энергиясы» деген тақырыппен «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесі өткізілетіндігі белгілі. Осыған орай, елімізде ауқымды шаралар қолға алынып, жаһандық шараны қолдау, насихаттау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі «Вячеслав» мектебі ауласында «ЭКСПО бау-бақшасының» негізін салу да сол кешенді шаралардың бірі. Бұл шараның тағы бір ерекшелігі, ол Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығына орайластырып өткізілуде. Соған байланысты мектеп аумағында жетпіс түп алма ағашы отырғызылды. Жеміс бағының негізін қалау рәсімі мемлекеттің Әнұранымен басталып, әскери бөлім жауынгерлері соғыста қаза болған жауынгерлер құрметіне арнап, аспанға үш дүркін оқ ату рәсімін орындады.
Кешенді шараны «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ, «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі, G-GLOBAL Халықаралық хатшылығы, «Ақбота» ҚҚ және «Тұрақты даму» жер қоры бірлесе ұйымдастырып отырғанын атап өту керек.
Вячеслав орта мектебін бірегей мекеме деп атауға болады. Мұнда оқушылардың бойында бірінші сыныптан бастап туған жеріне, табиғатқа деген сүйіспеншілік тәрбиеленеді. Балалар нақты мысалдар арқылы энергияны тиімді пайдалануға үйреніп, осындай технологияларды қолданудың пайдасын көріп өседі. Жеңістің 70 жылдығына орай және туған жерін қорғаған сарбаздардың құрметіне арнап алма ағашын дәл осы мектепте отырғызудың астарында үлкен мән жатыр. Мектептің жанында өз жер телімі және жылыжайы бар. Оның күнделікті қызметінде озық технологиялар қолданады. Мұнда суды жылыту үшін күн батареяларын, жарық диодты жарықтандыруға, ал жылыту мақсатында пиролиздік пешті қолданады. Қазір балалар тамшылатып суару әдісін және су себуге арналған жаңбырлатқыш саптамаларды қолданысқа енгізіп отыр.
«ЭКСПО бағына» жетпіс түп алма ағашын отырғызу акциясына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары Серік Нөгербеков, Айгүл Соловьева, Серік Оспанов, Надежда Нестерова, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэролин Браун, «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарушы директоры Салтанат Рақымбекова және жергілікті тыл ардагерлері, ауыл тұрғындары, жастар ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Акция барысында сөз алған сенатор С.Нөгербеков «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің маңызы мен мәнін айтып, бүгінгі іс-шараға ризалығын жеткізді. Жетпіс түп алма ағашының келешекте үлкен аумақты алатын жетпіс мың түп алма ағашы бар алып баққа айналуына тілектестік білдірді. Салтанат Рақымбекова осы акцияны өткізуге қолдау көрсеткен мектеп ұжымына алғыс айтты. Сондай-ақ, білім ордасының еліміздегі басқа мектептерге үлгі болатынына сенім білдірді. Содан кейін Вячеслав мектебінің оқушыларына «ЭКСПО бау-бақшасын сақтаушы» деген сертификат салтанатты түрде табыс етілді. Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
Жарас САДУАҚАСОВ.
Ақмола облысы, Аршалы ауданы, Арнасай ауылы.
Суретте: «ЭКСПО бағының» негізін қалау шарасынан көрініс.