АСТАНА. 16 ақпан. Алматыға Халықаралық Олимпиада комитетінің бағалау комиссиясы келіп, спорттық бес нысанның жағдайымен танысты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Аталған комиссия 12 мың адам сыятын Мұзайдыны сарайын, Олимпиаданың ашылуы мен жабылуы өтетін Орталық стадионды, «Балуан Шолақ» спорт сарайын, «Сұңқар» шаңғымен тұғырдан секіру кешенін және Тәуелсіздік алаңын аралап көрді.
Біздің тараптан Олимпиаданы өткізуге жауапты деген азаматтардың айтуынша, Алматы бүгіннің өзінде дүбірлі доданы өткіуге 70-80 пайыз дайын екен. Ал құрылысы жүріп жатқан нысандардың барлығы да 2017 жылы сол Алматыда өтетін қысқы Универсиадаға дейін толығымен салынып бітпек.
Сонымен, қаланы армансыз аралаған комиссияның көргеніне көңілі толған сияқты. Алда-жалда Олимпиада Алматыда өте қалса, спортшылар мен қонақтар алашапқын болмайды. Жарыс өтетін нысандар бір-бірімен бүйірлесіп-ақ жатыр. Дәлірегі, олардың орналасқан жері Олимпиада қалашығының айналасынан 30 шақырымнан аспайды екен. Оның үстіне, «Алматы-2022» ұйымдастыру комиссиясының вице-президенті А.Крюков Олимпиаданың бір ғана қалада – Алматыда өтетінін мәлімдеді. Қысқы Олимпиаданың жартысы Астанада өтсе деген ұсыныс күн тәртібінен түсіп қалды.
Ендігі кезек – Бейжіңде. ХОК-тық бағалау комиссиясы Қытай астанасында 24-28 наурыз аралығында болады. Ал қысқы Олимпиаданың астанасы осы жылдың 31 шілдесінде Куала-Лумпурдағы кеңесте белгілі болмақ. Әзірге Алматы мен Бейжің бұл бәйгеде үзеңгі қағыстырып келеді.
Жолдыбай Базар.
Дерек, сурет: egemen.kz.