АТЫРАУ. 16 ақпан. Атырау облысында жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатындағы «Жұмыспен қамту –2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыру барысында 4,1 млрд. теңге игеріліп, 3729 адам қамтылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«2011 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Жұмыспен қамту –2020 жол картасы» бағдарламасы халықтың жұмыспен қамту жағдайын жақсартуға, әл-аухатын арттыруға әсер етті. Мәселен, 2014 жылы аталған бағдарламамен 3729 адам қамтылды. Оның ішінде 12,1 пайызын өзін-өзі қамтитындар, 76,8 пайызды жұмыссыздар, ал 11,1 пайыздық мөлшерді аз қамтылғандар санатына жатқызылғандар құрады. Аталған бағдарлама бойынша 4,1 млрд. теңге көлемінде қаражат игерілді» деп мәлім еткен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Көңілқос Орысбаевқа бірнеше сауалымызды қойған едік.
– Көңілқос Керейұлы, бағдарламаның іске асырылу бағыттары туралы айтып берсеңіз?
– Жалпы, аталған бағдарламаның іске асырудың бірнеше бағыты көзделген. Мәселен, былтыр бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 38 жобада көзделген күрделі-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 920 жаңа жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның бұл бағыты көп жылдары жөндеуден өтпеген нысандарды жаңартып, ауылдық жерде жұмыссыз жүрген адамдарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берді.
– Бағдарламаның екінші бағыты нені көздейді?
– Шындығын айту керек, бағдарламаның екінші бағыты халық арасында көбірек қызығушылық тудырып отыр. Өйткені, осы бағытпен кәсіпкерлік негіздеріне 440 адам оқытылды. Өз ісін ашу немесе кәсібін кеңейту үшін 492 адам 1248,5 млн. теңге көлемінде шағын несие алды. Жыл сайын несие алушылардың саны көбейіп, несие түрлері кеңейтілді. Нәтижесінде кәсіпкерлер саны артып келеді. Несиелер жаңадан жеке балабақша, шағын оқу орталықтарын ашу, саңырауқұлақ өсіру, қайық жасау сияқты бағыттарға берілді. Өз істерін дамытумен қосымша несие алушылармен жаңадан 517 жұмыс орны құрылды. Демек, осынша отбасында табыс көзі пайда болды дей аламыз. Бағдарламаның осы бағытымен несие алған 71 адамға қажетті инженерлік инфрақұрылым мен жабдықтар берілді.
– Үшінші бағыттың қандай ерекшелігі бар?
– Бұл бағыт кәсіби оқытумен байланысты іске асырылды. Оның нәтижесінде кәсіби оқытуға 1099 адам тартылды. Оқуын аяқтаған 591 адамның 82 пайызы тұрақты жұмыспен қамтылды.
– Бағдарламада жұмыс орындарын ашудың бұдан өзге жолдары көзделген бе?
– Осы бағытта әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар тәжірибесі – уақытша әлеуметтік қолдау түрлері ретінде қарастырылған. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға 118 жұмыс берушімен келісім жасақталып, 485 адам жұмысқа орналастырылды. Жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын бітірген жас түлектерде жұмыс тәжірибесі болмай жатады. Сол себептен, оларға алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жастар тәжірибесін іске асыру көзделген. Жастар тәжірибесінен өту үшін 1 415 жас түлек 197 мекемемен арада жасалған келісімдер бойынша жіберілді. Тұрақты жұмыс орындарына 4 080 адам орналастырылды, оның 1 913-ін ауыл тұрғындары құрап отыр.
– Бұл бағдарламаның жұмыссыздық деңгейін төмендетуге әсері тиді ме?
– Бағдарламаны іске асыруда алдымен жұмысыздық деңгейін төмендетуге баса назар аударылады. Аталған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызға, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,1 пайызға дейін төмендеді.
– Елбасы жұмыссыздықты төмендету, осы орайда іске асырылған бағдарламалар туралы көшеге деректер орналастырудың маңызына тоқталды. Бұл бағытта Атырауда не істеліп жатыр?
– Біздің басқарма тарапынан Атырау қаласында және жеті аудан орталығында «Жұмыспен қамту –2020 жол картасы» бағдарламасы туралы баннерлер дайындалды. Қазіргі уақытта Атырау қаласында 3, ал әр аудан орталығында бір-бірден, барлығы 10 баннер көшелерге ілінді. Онда аталған бағдарлама туралы мәліметтер келтірілген. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
– Жалпы аталған бағдарламаны іске асыруды жалғастыру жоспары бар ма?
– Әрине. Өйткені, біздің басты мақсатымыз – жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, халықтың жұмыспен орналасуын қамтамасыз ету. Сол себептен, бұл бағыттағы жұмыстарды алға қарай дамыту үшін 2015-2017 жылдарға арналған жұмыспен қамту картасы қала, аудан, село бөлінісінде жасақталып, жоспарланған шаралар жүзеге асырыла береді.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек, сурет: egemen.kz.