• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2015

Қазақстанның транзиттік әлеуеті арта түсті

416 рет
көрсетілді

АСТАНА. 16 ақпан. Еліміз «Өзбекстан-Түрікменстан-Иран-Оман» халықаралық транзиттік-көліктік дәлізіне қосылды. Бұдан еліміздің транзиттік әлеуеті тағы әлденеше артқанын көреміз. Бұл туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың баспасөз қызметі хабарлады. Иран астанасы – Тегеранда «Ашхабад келісіміне» қатысушы Оман Сұлтанаты мен Иран, Түрікменстан, Өзбекстан республикалары өкілдерінің үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Оған Қазақстан делегациясын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті бастап барды. Отырыста Қазақстан аумағы арқылы Солтүстік-Оңтүстік, Шығыс-Батыс ірі халықаралық көлік дәліздерінің өтетіндігін баяндалды. Еліміздің географиялық қолайлы орналасуы мен Еуразиялық құрлықтағы мүмкіндігі паш етілді. Қазақстанның стратегиялық даму бастамашылығында елді көлік-логистикалық хабқа айналдыру мен транзиттік әлеуетін арттыра түсудің маңызы зор. Сондықтан, Қазақстан ғаламдық еуразиялық көлік жүйесін дамытуға мол үлес қосып келеді. Қытай экономикасының дамуына орай жүк ағындарын Орта Азия, Иран және Парсы шығанағы елдеріне бағыттау, бұрынғы дәстүрлі теңіз жолынан құрғақ жер арқылы трансқұрлықтық бағдарға бұру қолайлы екені байқалып отыр. Осыны меңзеген Асқар Мамин өз сөзінде, Қазақстанның Ашхабад келісіміне қатысушы елдермен қосыла отырып, қосымша жүк ағындарын тарту әлеуетінің молдығын атап көрсетті. Мәселен, Ашхабад келісіміне қатысушы елдердің арасындағы теміржол көлігі арқылы былтыр жүк айналымы 2013 жылмен салыстырғанда 2,3 млн. тоннаға артып, 10 пайызға өскен. Барлығы 25 млн. тонна жүкті құраған. Оның 41 пайызын осы елдерге Қазақстан аумағы арқылы өткен транзиттік экспорттық жүктер құрапты. Бұйыртса, 2020 жылға қарай Ашхабад келісіміне қатысушы елдер мен Қазақстан арқылы өтетін жүктер жылына 40 млн. тоннаға жеткізілуі мүмкін. Осыны нығарлаған делегация басшысы Қазақстанның «Ашхабад келісіміне» қатысушы елдермен халықаралық көліктік және транзиттік дәлізді бірлесіп пайдаланудан көп үміт күтіп отырғандығын жасырмады. Өз кезегінде, мүдделес елдердің өкілдері Қазақстанның халықаралық транзиттік көліктік дәлізді одан әрі дамытуға қосылуын құптады. Нұрбай Елмұратов. Дерек: «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың баспасөз қызметі. Сурет: egemen.kz.