ТАРАЗ. 4 тамыз. Тараз қаласында үй тонаумен айналысып, 2 млн. теңгеден аса шығын келтірген күдікті ұсталды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Тараз қаласы ішкі істер басқармасына қарасты №3 полиция бөліміне облыс орталығының тұрғыны осы жылдың 11 шілдесінде белгісіз біреулер жасырын түрде үйінің терезесін бұзып кіріп, алтын бұйымдары мен ақшасын қолды қылғандығын айтып арызданған болатын. Жәбірленушінің айтуынша, күдікті түскі уақытта, шамамен 16:00-де үй иелерінің жұмыста екендігін біліп, арам ойын жүзеге асырған. Ұрланған шығын мөлшері шамамен 35 мың теңгені құрайды.
№3 полиция бөлімі қызметкерлерінің жүргізген жан-жақты, мұқият іздестіру іс-шаралары нәтижесінде, қылмыстың «ізі суымай» ашылып, Тараз қаласының 1993 жылғы тұрғыны құрықталды. Сотқа дейінгі жедел-тергеу шаралары барысында полиция қызметкерлерімен анықталғандай, ол бұрын-соңды осындай ұрлықтарды бір өзі жүзеге асырып жүріпті. Нақты айтқанда, маусым айында бір үйді, шілде айының өзінде 7 үй тонап үлгеріпті.
Қазіргі таңда 22 жастағы күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 2-бөлімімен іс қозғалды. Ол кінәсын толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Жалпы алғанда, күдікті үй иелеріне 2 млн. теңгеден аса шығын келтірген. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Оралхан Дәуіт.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: thenews.kz.