• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2015

Елімізде «Қазақстанда жасалған» акциясы басталды

330 рет
көрсетілді

АСТАНА. 16 ақпан. «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының белсенділері «Қазақстанда жасалған» республикалық акциясын жариялады. Ол бойынша игі істер басталып та кетті. Бұл туралы «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының баспасөз қызметі хабарлады. Осы айдың 11 күні өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық өндірушілерді қолдауға шақырды. Сөйтіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық акциясын бастауды ұсынған еді. Акция барысында сауда желілерінде сатылатын қазақстандық өнімдер көзге бірден түсердей ерекше көрсетіліп қойылады. Отандық өндірушілердің тауарын сатып алғысы келетін азаматтарға бұл өте қолайлы. «Барлық қазақстандықтарды, бүгінгідей қиын жағдайда, біздің, қазақстандық тауарларды сатып алуға шақырамын. Бұл Қазақстан экономикасына қосқан үлесіміз деп білейік», деген болатын Елбасы. Президент үндеуінен кейін «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының белсенділері бірден ірі дүкен желілерімен және өндірушілермен келіссөз жүргізуді бастап кетті. Қоғамдық ұйымның акция өткізу туралы ұсынысын алғашқылардың бірі болып «А2» супермаркеттер желісі қолдап, дүкендерінің бірінде «Қазақстанда жасалған» акциясы бастау алды. Нәтижесінде, өндірушілердің өнімдері орналасқан сауда сөрелерінің тұсына «Қазақстанда жасалған» деп жазылған түрлі-түсті белгі-тақтайшалар қойылды. Бұл қазақстандық өнімді ерекшелеп, сатып алушылар үшін тартымдылығын арттырады. – Жылдар бойы еліміз мені және мен сияқты мыңдаған қазақстандықтарды қолдап келді. Жоғары білім алып, біліктілігімізге сай көңілге қонымды жұмыс таптық, отбасын құрып, қуанышқа бөлендік. Қазақстанымызға, елімізге қолдау көрсететін кезек ендігі де бізге келіп отыр. Қазақстандық өнімді сатып алу арқылы біз тек ел экономикасына ғана көмектесіп қоймаймыз, сондай-ақ отандық кәсіпорындарда еңбек етіп жүрген мыңдаған адамдарға қолдау көрсетеміз. Олар біздің арқамызда жұмысын жалғастырады, отбасын асырап, ұрпақ өрбітеді, дәрігерлер мен мұғалімдердің еңбекақысы үшін салық төлейді. Біз қазақстандық өнімді қажет болғандықтан емес, солай дұрыс болғандықтан сатып аламыз, деді «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин. Бүгінде белсенділер еліміздегі барлық ірі сауда желілерімен келіссөздер жүргізуде. «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар белгілерді бүкіл қазақстандықтар жуық арада көреді деген сенімдеміз. Нұрбай Елмұратов. Дерек: «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысының баспасөз қызметі. Сурет: «ҚазАқпарат».