ТАРАЗ. 4 тамыз. Өткен шілде айында «Қордай» кедендік бақылау аймағының кеденшілері шекара қызметкерлерімен бірлесе отырып, есірткі алып өтудің үш фактісінің жолын кескен болатын. Нәтижесінде 52 килограмнан аса есірткілік зат – героин тәркіленді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жамбыл облыстық мемлекеттік кірістер департаменті «Қордай» кедені басшысының орынбасары Бекен Нұрахметов ұсталғандардың барлығы қырғыз азаматтары екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ жақында «Қарасу» кеден бекетінде түнгі сағат 11-лер шамасында мемлекеттік номері S5059AH «Волга 3110» маркалы автокөлік тоқтатылып, сканерлік тексеруден өткізу барысында артқы дөңгелектерінің үстіңгі қапталында күдікті заттың орналасқандығы байқалды. Күдік тудырған жасырын жерді шұғыл түрде тереңдете тексеріп қараған кезде арнайы скотчпен оралған 95 дана брикет шықты. Дереу тағайындалған химиялық сараптама нәтижесінде ұсталған зат жалпы салмағы 32 килограм 509,84 грамм героин және 46,8 грамм гашиш екені анықталып, бұл факті бойынша Қылмыстық кодекстің 286 бабы 2 тармағының 5 пункті негізінде қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта еліміздің ұлттық және мемлекеттік қауіпсіздігін қорғау мақсатында аса ірі көлемдегі есірткілік затты ұстап, ерекше қырағылық танытқан кеден қызметкерлерін мемлекеттік марапатқа ұсыну мәселесі қарастырылуда.
Оралхан Дәуіт.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: gurk.kz.