Хоккейден Қазақстанның ерлер арасындағы құрамасы сенбі күні Испанияның Гранада қаласында Универсиада шеңберінде өткен турнирде күміс жүлдеге қол жеткізді. Біздің жастар жарыс жабылатын күнгі ақтық айқаста Ресей жасағымен кездесті.
Матч күткендегідей, тәжірибесі басым, дәстүрі терең ресейліктердің басымдылығымен өтті. Олар кездесудің 3-минутында есеп ашты. Оны қақпаға Тимур Шынгареев түсірді. Ал 14-минутта Егор Кривенко алыс бұрышты дәл көздеп, есепті ұлғайтты. Бұдан кейін 30-минутта Александр Торченюк таблодағы есепті 3:0-ге ұластырды. Біздің жігіттер үшінші кезеңде батыл ойнай бастады. Соның нәтижесінде олар 44-минутта бір шайбаның қарымтасын қайтара білді. Мұнда Ренат Сафин мергендігімен көзге түсті.
Айта кетейік, Қазақстанның студенттер құрамасы мұның алдында, 2013 жылы өткен қысқы Универсиаданың да күміс жүлдегері атанып еді. Сол жолы біздің команда Италияның Трентино қаласында ойналған финалдық кездесуде Канада студенттерінен 2:6 есебімен ұтылған болатын.
Ал Гранадада Универсиаданың үшінші орны үшін Канада және Чехия кездесті. Бұл түнде кешірек ойналды. Матч «Үйеңкі жапырағы» елі хоккейшілерінің айқын басымдылығымен бітті. Ойынның басында біраз қарсыласқан чехтар содан кейін ойын тізгінін қарсыластарына біржола беріп қойды. Нәтижесінде 2:6 есебімен ұтылды. Ал жартылай финалда Қазақстан командасы осы чехтарды 2:1 етіп жолдан шығарып тастаса, ресейліктер канадалықтарды буллиттен 3:2 етіп ұтып (негізгі уақыт – 2:2), ақтық сынға жолдама алған еді.
Еске сала кетейік, Универсиадада Қазақстан студенттері 11 жүлде жеңіп алды. Олардың қоржындарына 5 алтын, 6 күміс медаль түсті. Спортшылар арасында Анастасия Слонова Универсиаданың екі дүркін чемпионы атанды. Ал турнирде Ресей құрамасы 20 алтын, 18 күміс және 18 қола медальмен командалық бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орындағы Корея құрамасында 5 алтын, 9 күміс және 2 қола медаль бар.
Руслан ИГІЛІК.