Ахмет Ясауи кесенесіндегі тай-қазанның үстінде ХVIII ғасырдағы қазақ батырларының ескерткіш сыйлығы – он ту тұрған. Найза ұшына ілінген қылқұйрықтары бар олар қазақ жерін Ресей патшалығы жаулап алғанға дейін осында еді деп айтып отыратын көнекөз қариялар.
Отаршылдық та, тоталитаризм де халқымыздың тарихын, хандары мен батырларын ұмыттыруға күш салып бақты ғой. Соның салдарынан жоғарыдағы ескерткіш – құндылық ұшты-күйлі жоқ болған. Бір анығы, 1926 жылы атақты ғалым Массон Түркістанға келіп, кесенеде бірнеше күн болып, жоғарыдағы туларды суретке түсіріп алған.
Қазақтардың берекелі, ынтымақты болып, бір Алаш туының астында жиналуына осы жәдігер мен тайқазан зор қызмет еткеніне тарихтың өзі куә. Биылғы жыл – Қазақ хандығының 550 жылдығы. Сондықтан, аталған он тудың көшірмесін жасап, бұрынғы орнына, Эрмитаждан қайтып келген киелі тайқазан тұрған тұсқа айқастыра байластырып қою керек. Бұл Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан қаласындағы «Әзірет сұлтан» музейінің төл ісі деп ойлаймыз.
Нұрмахан НАЗАРОВ,
Түркістан қаласының
құрметті азаматы.
Оңтүстік Қазақстан облысы.