• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
05 Тамыз, 2015

ҮЕҰ: сенім нығайып келеді

213 рет
көрсетілді

Осыдан жиырма жыл бұрын, Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басты. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заң – мемлекет пен қоғамдағы барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Осы тұрғыда Елбасы: «1995 жылғы Конституция тақыр жерде пайда болған жоқ. Ол егемен Қазақстанда конституциялық құрылыс орнату үшін бұрыннан жинақталған тәжірибелерді, сондай-ақ, біздің жағдайымызға сәйкес келетін ең прогресшіл шетелдік тәжірибелерді барынша толық пайдаланған еді. Сондықтан да, кімде-кім еліміздің Негізгі заңының рухы мен маңызын терең түсінгісі келсе, оны жасаудың, қалыптастырудың тарихын жақсы білуі керек», – деген болатын. Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Еуразиялық құқық қорғау орталығы» ҮЕҰ өкілі Еңлік Нұрғалиева мен Ермек Абдрасуловтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында заң ғылымдарының докторы, профессор Еңлік Нұрғалиева еліміздегі үкіметтік емес ұйымдар қызметін жоғары бағалауға болатындығын жеткізді. – Соңғы екі жыл ішінде Сыртқы істер министрлігінің жанынан Консультативтік кеңес жиыны деп аталатын арнайы орган құрылып, оның құрамына барлық үкіметтік емес ұйымдар шоғырланып, түрлі бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Олардың басты міндеттерінің бірі – қабылданатын заң жобаларының дайындалуы мен оның жазылуына қатысты жұмыстарды ұйымдастырып, жан-жақты әрі толыққанды заң жобаларының туындауына өздерінің үлестерін қосу. Сондай-ақ, ҮЕҰ құрамындағы жұмыстар сан түрлі бағыттар бо­йынша жүргізіледі. Атап айтқанда, оның бірі заң жобаларын әзірлеу болса, енді бірі тиісті мониторинг жүргізумен жүйелі түрде айналысады. Жалпылама түрде алар болсақ, еліміздегі ҮЕҰ жұмысын жоғары бағалауға болады, – деді Еңлік Нұрғалиқызы. Оның айтуынша, бүгінгі таңда әділдікті ту еткен, ел ынтымағын көксеген ұрпағының аманатын тәу етіп, бейбітшілік пен азаттықты аңсаған елдің азаматтарына құқықтық кепілдік беретін Конституциямыз 20 жыл бойы ел игілігіне қызмет етіп келеді. – Осы Конституцияның қағидаларына негізделіп бірнеше заңдар жазылуда. Барлық құқық саласындағы заңнамалар да толықтырылып, жетілдірілуде. Сондықтан да қандай да бір заңнамалық норма мен нормативтік-құқықтық актілер Ата Заңымыздың кейбір тармақтарына қайшы келетін болса, ол әділетсіздік болып табылатындығын атап өткім келеді. Ендеше, бұл мәселеде халықтың өзі таңдап, сайлаған қалаулыларымыз өте қырағы болуы керек. Содан кейінгі кезекте қоғаммен етене араласып, еңбек ететін үкіметтік емес ұйымдар өкілдері де заң жобаларының адам игілігі үшін жұмыс істейтіндей етіп тиісті талаптарға сай жазылып, қабылдануына қомақты үлес қосуы қажет, – деді ол. Ал, аталмыш ұйым өкілі Ер­мек Абдрасуловтың пікірінше, заң үстемдігін қамтамасыз ету – адам­дардың фундаменталды құқықтары мен бостандықтарын қорғап, жем­қорлықты түп-тамырымен жойып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің салтанат құруына, мемлекет билігін шектеп, таза, мінсіз сот әділдігін орнатуға негіз болады. – Біздің заңдарымыздың талаптары Конституция талаптарына сәйкес болуы өте маңызды. Бұл ретте бізде жақсы тетіктер бар. Конституцияны құқықтық қорғаудың субъектісі ретінде Конституциялық Кеңес пен сот және өзге де органдар бар. Бар мәселе Конституция талаптарына сай келе бермейтін құқықтық актілердің көп болуына байланыс­ты болуы мүмкін. Біз өзіміздің ведомстволарымызды білеміз, комитет өкілдері өте көп құқықтық актілер шығарады. Мұндай құжаттарға қарсылық білдірілген кездер де болды», – деді ол. «Еуропалық құқық қорғау орталығы» өкілінің сөзінше, заңнамалық реттеулерді түбірімен жою қажет деген пікірлер де айтылып жатыр. «Меніңше, амал жоқ жағдайда қолдануға болатын шешім шығар. Өйткені, заңның қалтарыс-бұлтарыстарына дейін реттемейінше, қоғамдық қатынастарды тәртіпке келтіру мүмкін емес. Осы тұрғыдан алғанда, біздің бүгінгі мақсатымыз заң талаптарына қайшы келетін немесе заңды бұрмалауға жол беретін заңнамалық актілердің күшіне енуіне жол бермеу», – деді Е.Абдрасулов осы жайында. – «Мемлекет басшысының сот деңгейлерін 5-тен 3-ке дейін қысқарту жөніндегі ұсы­нысы дұрыс. Бұл заңның бірың­ғай­лығын қамтамасыз етуге бағытталған өте ұтымды шешім. Ендігі мәселе заңдардың біркелкі пайдаланылуында болып отыр. Ол үшін сот тәжірибесі мен сот актілерінің мониторингіленуі, жалпыландырылуы маңызды», – деді ол сөзінің соңында. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.