• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2010

ЭНЕРГЕТИКА – БАСЫМ БАҒЫТ

633 рет
көрсетілді

Ақмола облысының Қатаркөл кентінде Қазақстан энергетиктері ардагерлерінің екінші съезі болып өтті. Нақ осы жиында электр энер­гетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралардың алдағы бес жылға арналған түзетілген жоспары Қа­зақстанның дағдарыстан шығуы орайындағы басым бағыт деп жарияланды. Сөйтіп Қазақстан Элек­трэнергетикалық қауымдастығы мұрындық болып, Бурабайдағы “KEGOC” АҚ оқу орталығындағы өткен Қазақстан энергетиктері ардагерлерінің екінші респуб­ликалық съезінің қорытындысында қабылданған қарардың бір тармағы осы жайды айғақтады. Қазақстан экономикасын да­мыту­дың индустриалдық-ин­но­вациялық бағдарламасын табысты іске асыру үшін энергетикалық қуаттарды ұлғайту қарқынын, электр стансалары мен электр желілерінің жабдықтарын жаңалау мен қайта құруды жеделдетіп, энергетика саласын басқару жүйесін жетілдіру, елдің бүкіл энергетикалық кешенінің қауіпсіз әрі сенімді жұмысын қам­тамасыз ету қажет. Міне, Индустрия және жаңа технологиялар минис­трлігінің, “KEGOC” АҚ пен сала компанияларының өкілдері және энергетика ардагерлері бас қосқан съезге қатысушылар осындай ортақ ой тоғысына келді. “Қазақстан экономикасын индустриалдық-инновациялық дамыту бағдарламасын жедел іске асырудағы электр энергетикасының рөлі” тақырыбындағы негізгі баяндаманы Қауымдастық төрағасы Шаймерден Оразалинов жасады. Оның айтуынша, Үкімет электр энергетикасын одан әрі дамыту үшін Электр энергетикасы саласын дамытудың таяудағы бес жылға, яғни 2010-2014 жылдарға арналған салалық бағдарламасын әзірлеуде. Осы кезеңде жаңа қуаттылықтарды қатарға қосу және жұмыс істеп тұрған электр стансаларын кеңейту белгіленген. Бағдарламада “KEGOC” АҚ компаниясы іске асырып жатқан Қазақстанның Ұлттық электр торабын дамытуға ерекше орын берілген. Осы жұмыста айтар­лықтай ілгері басушылық байқалады. Мысалы, ВЛ-500 кВ “Солтүстік-Оңтүстік”, “Екібастұз-Батыс” желілерінің іске қосылуы Ұлттық электр торабының тран­зиттік әлеуетін едәуір арт­тыруға, республиканың оңтүстік және батыс өңірлерінің зәру тұтыну­шыларын электрмен сенімді жабдықтауды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 220-500 кВ-тық электр стансалары мен электр желілерінің жабдықтарын жаңалау, күрделі жөндеуден өткізу және реконс­трукциялау жөнінде ауқымды жұмыстар атқару көзделуде. Белгіленген жоспарларды 2015 жылға дейін іске асыру үшін 2,8 трлн. теңге инвестиция қажет етіледі. Электр энергетикасы саласын­дағы іс-жай және ондағы аға ұрпақтың алаңдаушылығын т­у­ғы­зып отырған толғақты проблемалар жайында Қазақстан энергетиктер ардагерлері кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов әңгімеледі. Ол, атап айтқанда, энергетика нысандарын салу, реконструк­циялау және жаңалау жөнінде атқарылып жатқан жұмыс қарқыны мен көлемі экономиканың даму деңгейінен артта қалып қойғанын тілге тиек етті. 19,1 мың МВт қуат­тылық қойылған жағдайда Қазақстан электр стансалары 14,8 мың МВт қуатқа ғана ие. 2010 жылдың 1 қаңтарында қуаттылық­тардың алшақтығы 4,3 мың МВт құраған. Жылу электр станса­ла­ры­ның энергия өндіруші қуаттарының 41 пайызға жуығы 30 жылдан артық пайдаланылып келеді. Мұның өзі апатты ахуалдардың шығуы орайындағы тәуекелдерді айтар­лықтай арттыра түсуде. Жағдайды түзету үшін генерация секторына инвесторлар мен қаржыны көбірек тарту керек. Бүгінгі таңда жаңа электр стансаларын салуды және қолданыстағыларын жаңалан­дырып, кеңейтуді қамтамасыз ететін қуаттылық рыногының моделі жасалуда. Бұл туралы ардагерлерге “KEGOC” АҚ бас­қару­шы директоры Владимир Осоченко айтып берді. Ардагерлер өз кезегінде Жамбыл ГРЭС-і қуаттылығының толық пайдаланылмай отыр­ғанд­ы­ғына қынжылыстарын білдірді. Ақсақалдар Мемлекеттік техни­калық инспекция мен Мемлекеттік энергобақылау мекемелерінің рөлі төмендеп кеткендігін өкінішпен атап көрсетті. Соның салдарынан энергетика нысандарын қауіпсіздік техникасы мен пайдалану ере­желерін сақтау тұрғысынан толық құқықты инспекторлық тексеріс жүргізілмейді, қажетті нормативті-техникалық нұсқаулықтар мен апаттардың алдын алатын пәрменхаттар шығарылмайды. Тағы бір сұрақ былай қойылды: инженер-техник қызметкерлері мен жұмысшы кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі өзін-өзі ақтаған республикалық оқу орталықтары неге жұмыс істемейді? Съез делегаттарын өзгеріске ұшыраған Энергетика министрлігінің бірқатар аса маңызды қызметтерін салалық үйлестірушіге (АРЕМ) беру тақырыбы да бейжай қалдырмады. Олардың пайымдауынша, елдің техникалық тұрғыдан күрделі, көпсалалы энергетикалық кеше­нінің ырғақты жұмысы дербес ведомство түріндегі орталық кәсіби органның құрылуын талап етеді. Украина, Беларусь, Өзбекстан сияқты ТМД-ның бірқатар же­текші елдері бұрынғы Энергетика министрлігін сақтап қалулары тегін емес. Съез делегаттары тиісті қарар қабылдап, оны Индустрия және жаңа технологиялар минис­тр­лігінің басшылығы мұқият қарайтынына, сөйтіп қабылданған шаралар мен шешімдер жайлы Қазақстан энергетиктері ардагер­лерінің кеңесіне хабарлай­тындығына сенім білдірді. Алексей ЖУКОВ.