• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2010

“ҚАРАШЫҒАНАҚ-ОРАЛ” ЖОБАСЫ

657 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының көптеген елді мекендеріне “көгілдір отын” жеткізді Бүгінгі күні бұл жобаның бас­таушысы да, тікелей қолдаушысы да өзге емес, тікелей Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болғанын айтудың өзі бір мәртебе. “Қарашығанақ-Орал” газ құбыры құрылысы – тап-таза әлеуметтік жоба. Мұндай бағыттағы жобалар­дың экономикалық-қаржылай қай­тарымы, белгілі бір уақыт өткеннен кейін түсіретін пайдасы болмайды. Есесіне оның игілігін барша қазақстандықтар, ел мен жұрт, тұрғындар көреді. Бұл елдің әлеу­меттік-тұрмыстық деңгейін жеңіл­дету, әл-ауқатын көтеру жолында жасалатын қамқорлық болып табылады. Аталған жобаны Елбасы бұдан бес жыл бұрын Ақжайық өңіріне сапары кезінде ұсынған еді. Жобаны жүзеге асыру мерзімі екі кезеңге белгіленген болатын. Оның алғашқы кезеңінде Қарашы­ға­нақтан Бөрлі ауданының бірқатар елді мекендері мен Теректі ауданы­ның орталығына көгілдір отын жет­кізу белгіленді. Бұл міндет өткен жылдың аяғында іске асты. Осынау игі шараның ашылу рәсіміне республика Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысқан-ды. Ал бүгінде оның екінші кезеңі де мәреге таяп “Қарашығанақ-Орал” газ құбыры жобасы шең­берінде кешегі күні Жайық өзені­нің сол жақ бөлігінде орналасқан Сырым және Қаратөбе аудандары орталықтарына газ құбыры тарты­лып, алау жағу рәсімі өткізілді. Бұл – ұзындығы 552 шақырым кешенді газ құбыры мен газ айдау жү­йесі деген сөз. Осы арқылы 146 елді мекендегі жүз мыңнан астам тұр­ғынның көгілдір отын игілігі мен қызығын көруіне жол ашылып отыр. Ең бастысы, “Қарашығанақ-Орал” газ құбыры құрылысын іске қосу арқылы Ақжайық өңіріндегі барлық аудан орталықтарына газ құбыры тартылды. Осы жобаның соңғы, үшінші сатысында әр аудан­дағы ауылдарға көгілдір отын жет­кізу жұмыстары алдағы жылдары одан әрі жалғаспақ. Осынау дерек пен жағымды жәйттің өзі Орал өңі­рін толық газдандыру бағдарла­масы мәреге таяп келеді деуге толық негіз бен алғышарт қалай алады. Осы арада сәл шегініс жасау­дың да реті келіп тұрғандай. Ай­тайын дегеніміз, өңірді толық газ­дан­дыру бағдарламасы тәуелсіздік­тің алғашқы жылдарында басталған еді. Осынау қиын кезеңнің өзінде шалғайдағы Казталов, Жәнібек және Ақжайық, Тасқала, Зеленов аудандарына газ құбыры тартылып, тұрғындар от жағып, күл шығару машақатынан құтылды. Бұл іске сол кездегі облыс басшысы, бүгінгі Парламент депутаты Қабиболла Жақыпов үлкен үлес қосты. Аталған бағдарламаны аяғына дейін жеткізу жұмыстары соңғы үш жылда қызу қарқын алды. Әсіресе, жоғарыда айтылған Қарашығанақ-Орал жобасын іске асыруға қатыс­ты Елбасы тапсырмасын орындауда Батыс Қазақстан облысының бү­гін­гі әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің іскерлік пен тындырымдылық үлгі­сін көрсете білгеніне ел куә. Бұл жөнінде шалғайдағы Қаратөбе ауданында өткізілген алау жағу рәсімі кезінде осы текті топырақтың байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Нәжім Дәулетов ақсақал былай деген еді: – Ауылымызда көгілдір отын алауы тұтанған бүгінгідей қуа­нышты сәтте менің ойыма қазіргі қазақ әдебиетінің ақсақалы Әзілхан Нұршайықовтың “Егеменде” жа­рия­­ланған мақаласында кел­ті­рілген “...Елбасын мақтаудың керегі жоқ, оның ісін жақтай білу керек” деген орнықты да қисынды сөзі оралып отыр. Міне, Елбасының ісін жақтай білетін осындай облыс әкімдерінің бірі Бақтықожа Ізмұхамбетов деп білемін. Ол сөзі мен ісінің арасын­да алшақтық жоқ басшы. Оның Елбасы тапсырмаларына әр кез сергек қарап, өңірде энергетикалық тәуелсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі секілді ұтымды инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға бел шеше кірісіп кететіні сүйсіндіреді. “Қарашығанақ-Орал” газ құбы­ры жобасы екінші кезеңінің аяқ­та­лу рәсіміне Мұнай және газ ми­нис­трі Сауат Мыңбаев қатысып, Ел­ба­сы атынан барша батысқазақстан­дықтарды осынау ірі әлеуметтік жо­баның іске асуымен құттықтады. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.