• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2015

Өскеменде «Қысқы бал» қайырымдылық шарасы өтті

396 рет
көрсетілді

ӨСКЕМЕН. 17 ақпан. Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебі мен облыстық Жастар саясаты басқармасы «Қысқы бал» қайырымдылық шарасын өткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шараның негізгі мақсаты – көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу, мидың сал ауруына шалдыққан балаларға қамқорлық көмек көрсету. Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде өткен қысқы балға химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 300 оқушысы мен 100 мұғалімі қатысты. Целебральды сал ауруына шалдыққан балаларға жұртшылықтың назарын бұру мақсатында ұйымдастырылған кеште домбыраның қоңыр үні күмбірлеп, әуезді әсем әндер шырқалды. Кешке облыстық филармонияның симфониялық оркестрі қолдау көрсетіп, әлем композиторлары мен қазіргі заман авторларының шығармаларын ойнады. «Қысқы қайырымдылық концертінің қатысушылары мәдениет пен сұлулықты, мейірімділік пен қамқорлықты алдымен мұқтаж жандарға арнайды. Бұл – қаламыздағы игі бастамалардың бірі. Өйткені оқушылардың ортаға салған өнері мен көмекке зәру жандарға қамқорлық танытқан ата-аналардың арқасында жүйке жүйесінің сал ауруына шалдыққан балаларға қолдау көрсетілді», – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Бауыржан Ұзақбай. Аталған шарада целебральды сал ауруына шалдыққан 5 жасқа дейінгі 8 балаға жаңа арба берілді. Оның алтауы облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының өкіліне тапсырылды. Басқарма мамандары арбаларды сал ауруына шалдыққан балалардың үйлеріне апарып бермек. Ал қалған екі арба балға дейін облыс аумағында тұратын мүмкіндігі шектеулі балаларға жіберілген болатын. Кеш барысында демеушілік көрсеткен ата-аналар, мектеп қызметкерлері мен өңірдегі шағын және орта бизнес өкілдерінен құралған қайырымды азаматтар алғыс хаттармен марапатталды. Думан Анаш. Дерек: egemen.kz. Сурет: Назарбаев зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі.