• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
20 Наурыз, 2015

Қуанышқа кенелді

523 рет
көрсетілді

«Бәйтерек» холдингі мен «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ өкілдері әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша тұрғындарға жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті. Елбасының  «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында басымдық берілген тұрғын үй мәселесіне байланысты, аталған компания нау­рыз айында жаппай әлеуметтік жалға берілетін пәтер беру ісімен айналыспақ. Бұл тұрғыда «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алина Алдамберген осы айдың соңына дейін 1357, ал  жыл аяғына дейін 10 мыңға жуық пәтер кілті тапсырылатындығын айт­ты. Сонымен қатар, Алина Өтемісқызының айтуы бойынша, Астана қаласында отбасыларға Сығанақ көшесінің бойында орналасқан тұрғын үй кешенінде жалпы көлемі 7,6 мың шаршы метрді құрайтын  86 пәтер берілді. Бағдарламаға сәйкес, елордада баспананың 1 шаршы метр құны 1110 теңгені құрайды. Пәтердің орташа көлемі 68 шаршы метр, деп атап көрсетті А.Өтемісқызы. Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукиннің құттықтау сөзінен кейін жүздерінен қуаныш табы байқалған жаңа пәтер иелеріне кілт табыстау рәсімі өтті. Жаңа пәтеріне құндақтаулы сәбиімен кірген Смайловтар отбасында бүгінгі күн атаулы екен­дігі айтылды. Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасына асқан ризашылығын білдірген Раушан Смайлова Наурыз мерекесі қарсаңында баспаналы болу бақыты бұйырғандығын  қуана жеткізді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан». АСТАНА.

Армандар орындалады

Ұлыстың ұлы күні, түркі халықтарының төл мерекесі, жылдың жаңарған Наурыз мейрамы қарсаңында еліміз тұрғындарына баспаналы болып, жаңа пәтерге қоныстану бақыты бұйырды. Араға бірнеше жылдар салып, төзіммен күткен үй кезегі жеткен алматылықтар бүгінгі күннің қуанышын келе жатқан ұлы мерекенің шарапатына балады. Бір-бірімен «сүйіншілеп», шашу шаша пәтер есігін ашқан жас отбасылар мәре-сәре күй кешті. Еліміздің бес бірдей қаласында орын алып жатқан осындай қуанышты сәттің куәгері болғандар Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасына алғыстарын жаудырды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назар­ба­евтың ұдайы айтып отыратын баспана жөніндегі бастамалары, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауындағы қолжетімді тұрғын үй құрылысының механизмдерін өзгерту идеясы бойынша жүзеге асып  жатқан пәтер мәселесі жыл санап шешімін тауып келеді. Ендеше,  Астанадан бастау алған жаппай кілт тапсыру рәсімінде Алматы қаласы бойынша жалпы алғанда 803 үй  берілгендігі соның дәлелі. «Бәйтерек» холдингі мен «Қазақстанның ипотекалық компаниясының» бірлесіп, әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй бағдар­ламасы барысында атқарып жатқан игі іс-шаралары көпшілік көңілінен шыққандай. Алматы қаласы бойынша Түркісіб ауданындағы тұрғын үй кешенінде 95 пәтер, сондай-ақ, Қарасай ауданындағы «Асыл арман» тұрғын үй кешенінде 708 пәтердің кілті иелеріне табыс етілді. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.

Жан жадыратқан «Жансая»

Шапағаты мол Наурыз мерекесі қарсаңында Ақмола облысының әкімі С.Кулагин мен «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» АҚ басқарушы директоры А.Ақчуриннің қатысуымен әлеуметтік тұрғын үйді жалға беру бағдарламасы аясында салынған «Жансая» тұрғын үй кешенінде жаңа пәтерлердің кілттерін тапсыру салтанаты өткізілді. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ департамент басшысы Қанат Ыбыраев қуаныш иелерін құттықтау сөзінде Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында әлеуметтік тұрғын үйлерді жалға беру құрылысына көз­қарасты өзгерту, оның қолжетімділігі мен ашық­тығын қамтамасыз ету, тұрғындарға сатып алу құ­қығын бере отырып, ұзақ мерзімді төменгі пай­ыздық жүйені енгізуді тапсырғанын атап көр­сетті. Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының шарапаты ретінде бүгін әсем тұрғын үй кешенінде 19,5 мың шар­шы метрлік 337 пәтердің кілті тапсырылады. Көкшетау тарихында бір мезетте 337 отба­сының қоныс қуанышы болып көрмеген. Біз №264 пәтердің кілтін иеленген Кәкімбековтердің отауына құтты болсын айттық. Әлібек пен Жансая екі бала өсіріп отырған жас отбасы. «Біз­ осы күнге дейін 8 жыл бойы пәтер жалдап тұрдық, дейді Жансая. Өзім медицина қыз­меткерімін. Күйеуім мемлекеттік кіріс депар­таментінде жұмыс істейді. Мемлекетіміздің қо­ғам мүшелеріне жасап жатқан қамқорлығына ризамыз. Балаларымның да қуанышында шек жоқ». Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.

Бақыт құшағында

Сара Тасылбекова жалғыз өзі үш бала өсіріп отыр. Баспананың қиындығын тартудай тартты. Пәтерден пәтерге көшіп, жатақхананың бір бөлмесіне тығылған ол 2003 жылы пәтер кезегіне тұрған болатын. Міне, енді отбасының қуанышында шек жоқ. Жарық та кең екі бөлмелі пәтердің кілтін облыс әкімі Нұралы Сәдуақасовтың қолынан алып тұрып, арманы орындалғандай болды. Расында, «Арман» тұрғын үй кешенінен пәтер кілтін алған отбасылардың барлығының да армандап жеткен баспанасы еді. Елбасының «Нұрлы Жол – болашаққа бас­тар жол» Жолдауында айтқан тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы бойынша Қостанай қаласындағы жаңа тұрғын ауданнан он бір отбасына пәтер кілті тапсырылды. Облыс әкімі кілтті тапсырып тұрып, қоныс той иелерін құттықтады. – Наурыз мейрамы – Ұлыстың ұлы күні қарсаңында қостанайлықтар пәтерге кіріп, үлкен қуанышқа ие болып отыр.Тұрғын үй құрылысы жыл сайын қарыштап дамып келеді. Қостанайда 250 мың шаршы метр үй салынды, соның 45 мың шаршы метрі мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша жүзеге асты. «Бәйтерек» холдингі мен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамына қостанайлықтардың алғысы шексіз. Уақыттың күрделілігіне қарамай, облыста тұрғын үй құрылысы екпін ала беретін болады. «Арман» тұрғын үй кешенінде 11 отбасына 749 шаршы метр бөлінді. Бір шаршы метрдің құны 862 теңгені құрайды. Екі бөлмелі пәтердің орташа көлемі 65 шаршы метр болады. – Қазақстандағы әр отбасына осындай қуаныш тілейміз. Біздің арманымыз орындалады, – дейді Саужановтар отбасы. «Арман» жаңа тұрғын ауданында Наурыз мейрамының салтанаты қоныс тойымен молыға түсті. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.

Қоныс тойын тойлады

Кеше Семей қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол –болашаққа бастар жол» Жолдауындағы тапсырмасына орай көппәтерлі жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстау рәсімі өтті. Қаладағы бюджеттік мекеме қызметкерлері, ата-ана қорғауынсыз қалған жетім балалар, мүгедек балалары бар отбасылар, әскери отбасылар жаңа пәтерлерге ие болды. Семейдегі Шугаев көшесі, 159 мекенжайында бой көтерген зәулім үйде 120 пәтер бар, барлығы 5,2 мың шаршы метр. Бір шаршы метр 756 теңге, әр пәтердің ауданы 45 шаршы метр. Наурыз мерекесінде тұрғындарды қоныстандыруға арналған мерекелік шарада мердігер мекеме «Гордорстрой» ЖШС, «Семмелиорация» заңды тұлғалар бірлестігінің құрылтайшысы Бауыржан Қайрамбаев сөз сөйлеп, жиналған қауымға жаңа салынған үйдің сапасы жоғары екендігін айтты. Қала тұрғындарына кілттерді әкім Айбек Кәрімов пен «Қазақстан ипотекалық компания­сы» АҚ басқарушы директоры Еркін Сыздықов табыстады. – Бұл біз үшін аса маңызды. Семейліктер үшін осындай барлық жағдайы жасалған жайлы үйге Ұлыстың ұлы күні Наурызда ие болу жақсылықтың белгісі, – деді қоныс тойын тойлаушылардың атынан сөз сөйлеген «Ауданаралық онкологиялық диспансер» мекемесінің қызметкері Шәрбат Сәрсембина. Раушан Нұғманбекова, журналист. СЕМЕЙ.