• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Шілде, 2010

ӨРКЕНДЕУ АЙҒАҒЫ – ЖАҢА ӨНДІРІСТЕР

518 рет
көрсетілді

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды облысына жұмыс сапары басталды. Елдің дамуы мен өркендеуінде орны бөлек Қарағанды аймағы көшбасшылық жолына беріктікке әрі биіктен көрінуге ұмтылысын қашанда жарқын істерімен ай­ғақтап келе жатқаны мәлім. Не­гізінен өндірістің алыптары шо­ғырланған өңірдің отандық эко­номикаға қосатын үлесі өте зор болса, индустриялық-иннова­ция­лық бағытты жеделдетуге бет тү­зеуі жаңа белестерге құлаш сер­пілте түсіп отыр. Бұған дәлел жетіп артылады. Аталған мерейлі мақсатқа арнайы жасалған бағдар­лама бойынша республикалық маңызы бар 18 жоба белгіленген. Соның 10-ы биыл іске асырылуға тиіс. Ал 4-і орындалды. Елбасы облысқа жұмыс сапары алдында телекөпір арқылы инвес­тициялық жобалардың тұсаукесе­ріне қатысуы кезінде солардың бірінің, атап айтқанда, Ботақара кентінде болат панельді жылыту ра­диаторлары зауытының ашы­луын көрген еді. Ауылдық жерде, мұның сыртында тұрғын үй құры­лысына аса қажетті осынау бұй­ымның көп мөлшерде шығары­луы­ның жолға қойылуы елеулі оқиға. Бұған дейін Жаңаарқа, Шет аудандарында көмір және темір концентратын өндіретін кеніш­тердің ірге көтеруі аймақтың алыс түкпірлері тынысына тың леп естірген-ді. Кеше түстен кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаевты осындай жан жадыратар жаңалықтарымен қарсы алған қарағандылықтар жүрегіне бұл жолғы кездесулердің бір ыстық сипаты бар. Теміртауда, Қарағандыда үлкен еңбек мекте­бінен өтіп, қайраткерлікке қай­рал­ған болашақ Мемлекет басшы­сы­ның қазақстандық тұңғыш шойын алушылар сапында болуы әрдайым мақтаныш тұтылады. Өңірдегі жаңа өндіріс ошақтарымен танысу әрі сол айтулы оқиғаға 50 жыл то­луы қуанышын кешегі әріптес ме­таллургтермен бірге бөлісуге ниет­тестікке, пейіл-ілтипатқа жұрт­шылық разылығы зор бұл күнде. Бүгінде өндірісті өлкенің аты­на заты сай болып келеді. Қара­ған­ды өз басында салынатын, бас­тап­қы­да 50 мың автокөлік шы­ғаратын зау­ыт құрылысына қазық қағыл­ғаны кеше ғана. Ресейлік “Sollers” ААҚ компа­ниясы мен “Сарыарқа” әлеумет­тік-кәсіп­керлік корпорациясы бірлесіп құрған кәсіп­ор­ында 2015 жылы – 187 мың, ал 2020 жылы 254 мың жеңіл көлік түр­лері қа­зақ­стандық тұты­нушы­ларға ұсы­нылатын бо­лады. Ха­лықтың әл-ауқаты жақ­сара түсуіне байла­нысты, бір жа­ғынан, бұл қозғалыс құралына сұранымды қанағаттан­дырудың жолы табылса, екінші жағынан, біраз адамның еңбекке қамты­луына мүмкіндік береді. Мысалы, алғашқы кезе­гінде 1,5 мың, содан соң 3,5 мың адам жұмысқа тартылады. Бұрыннан мақсат ортақ, тілегі үндес көрші мемлекеттермен өзара пайдалы экономикалық ын­ты­мақтастықты тереңдетуге бағыт­талған мұндай жобалардың қата­рына беларустық әйгілі БелАЗ-дар­дың басты тетіктері мен агре­гат­т­ары енді Қарағандыда да жасалуы жатады. Мемлекет басшысы әуежайдан бірден Қазақстан-Беларусь бірлес­кен “ҚазБелАЗ” ЖШС орын теп­кен Қарағанды құю-мәшине жасау зауытына бет алды. Кәсіп­орын цех­тарын аралап, жұмысы­мен та­ны­су кезінде істің аяқ алысын баян етушілер мұнда ауыр сал­мақты атақты жүк көлігінің бі­рінші кезеңде күрделі жөндеуден өткізілетіндігін, қосалқы бөл­шек­тері жасалатындығын, содан соң құрастырылуы басталатындығын айтты. Жалпы алғанда толық күш-қуатына енуі алдағы үш-төрт жыл­да аяқталуға тиіс. Сонда жылына 90 тонналық 5 және 45 тонналық 10 БелАЗ қазба орындарынан кен тасымалдауға жөнелтіліп тұрады. Одан арғы уақытта шығарылу кө­лемі ұлғайып, аталған техникамен қазақстандық тұтынушылар сұра­нымын қанағаттандыру мәселесі ше­шіледі. Бұл жобаны іске асы­рудың салмақты жүгі жүктелген “Қазақмыс” корпорациясы үшін ол өте тиімді болмақ. “БелАЗ”-дар кең қолданыстағы өндіріс алыбы, оны жергілікті орында құрастыру арқылы сатып алыну бағасын екі есеге дейін төмендете алады. Жаңа кәсіпорынға 100-ге жуық адам жұмысқа қамтылған. Со­лардың бірі бірінші цех технологы Жұмағали Аймышев: “Озық тех­нологиялық қондырғылармен, ас­пап-құралдармен жабдықталған мұн­дай өндірісте еңбек ету бә­рі­мізге зор мәртебе. Бір топ әріп­тесіміз жақында Минск зауытында мамандық жетілдіріп оралды. Ос­ын­дай техниканы өзімізде шы­ға­руға қол жеткізу қандай да күрделі міндетті атқаруға дайын екені­міздің айғағы”, деп қуанышына ұжым мүшелері бәрі ортақтығын білдірді. Президент Н.Ә.Назарбаев жұ­мысшылармен, мамандармен, өн­діріс басшыларымен, іскер топ өкіл­дерімен емен-жарқын әңгі­ме­лесіп, ой-пікірлерін ынта қоя тың­дады. Ел экономикасын жаңғырту басты мақсат екенін атай келіп, индустриялық дамудың негізгі ба­ғыттарын жіктеп, талдап көрсетті. “Келешегі зор мұндай өндірістер қатары көбейе түсуі маған үлкен қуаныш. Былтыр Беларусь Респуб­ликасына жұмыс сапарымда “БелАЗ”-ды Қазақстанда да құрастыратын бірлескен кәсіп­ор­ын құру жөнінде ұсыныс жасаған едім. Бізде металл, резина жет­кі­лікті. Ондай жобаны іске асыруға жағдайымыз бар. Мінеки, орын­да­луына із салынды”, деген Елбасы индустриялық даму бағдарламасы арқылы 50 мың адамның жұмысқа қамтылатындығын, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру, халық игілігіне қызмет ету жолында іс-шара­лар­дың атқарыла бермектігін атады. Ұжым мүшелерімен жылы қош­тасқан Елбасына деген зор құр­мет, шынайы сүйіспеншілік сезімі олардың жарқын жүз­дерінен аңғарылып, “Жасасын Қазақстан”, “Жасасын Нұр­сұл­тан”, “Рахмет Сізге” деген жан-жақтан жауған алғыс сөздерінен жаңғырып тұрды. Мемлекет басшысы бүгін Те­міртауда өтетін қазақстандық тұң­ғ­ыш шойын қорытылуының 50 жыл­дығы құрметіне мерекелік шой­ын алу рәсіміне, метал­лург­тер­дің салтанатты жиналысына қа­тысып, қалада жаңадан бой көтер­ген нысандармен таны­сады. Айқын НЕСІПБАЙ. ҚАРАҒАНДЫ.