Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай 100 ардагермен облыстық әкімдікте салтанатты жағдайда кездесіп, айтулы мерекемен құттықтады. Сөйтіп, ҰОС ардагерлері, ҰОС-қа қатысушыларға теңестірілгендер, соғыста қаза болғандардың жесірлері, концлагерьлерде болғандар мен тыл еңбеккерлері – баршаның көңілдерін аулай білді.
Кездесу барысында ардагерлердің барлығына 70 мың теңгеден ақшалай сыйлық берілді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ұлы Отан соғысындағы ерлігі, мемлекетке сіңірген еңбегі мен өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудегі айрықша үлесі үшін жетісулық 24 ардагер мемлекеттік наградаларға ие болды. Нақтылай түссек, ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен екі ардагер, «Құрмет» орденімен 10 ардагер, «Ерен еңбегі үшін» медалімен 8 ардагер және Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен 4 ардагер марапатталды.
Жалпы, Алматы облысында 343 соғыс ардагері, 20 мыңнан астам тыл еңбеккері бар. Жеңістің 70 жылдығына орай облыстық бюджеттен барлық ардагерге 150 мың теңгеден біржолғы әлеуметтік қолдау көрсетілді. Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің денсаулығын түзеуге 145 млн. теңге бөлінді. Ардагерлер қажеттілігіне қарай түрлі құралдармен бірінші кезекте қамтылуда. Бұл мақсаттарға 300 млн. теңге қаржы қарастырылған. Баспана кезегінде тұрған 73 соғыс ардагеріне пәтер берілді.
Ардагерлерге қазақы дәстүрмен мейрамханада дастарқан жайылып, мерекелік концертпен жалғасты.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан».
ТАЛДЫҚОРҒАН.