• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Мамыр, 2015

«Абырой мен парыз» кітабы жарыққа шықты

467 рет
көрсетілді

Өткен жылдың 9 мамырында ардагерлердің алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті – Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Н.Ə. Назарбаев: «Жеңіс күні – ұлы мейрам. Əкелеріміз бен аталарымыздың арқасында біз бүгін бейбіт аспанның астында өмір сүріп жатырмыз, мықты мемлекет құрып, болашаққа сеніммен қараймыз. Отанымыздың 1 миллион 800 мың ұл мен қызы шайқастарда күресті. Миллиондаған қазақстандық жұмыс істеп, майдан үшін, жеңіс үшін бəрін берді», – деген болатын.

Айтулы мерекеге орай қаншама ау­қымды іс-шаралар атқарылып жа­тыр. Кеше Ұлттық академиялық кітап­ханада Білім және ғылым минис­трлігі Ғылым комитетінің Мемле­кет та­рихы институты «Абырой мен па­­рыз» (Еуропа елдеріндегі Екінші дүниежүзілік және Ұлы Отан соғысына қазақстандықтардың қатысуы) атты ұжымдық моногра­фияның тұсаукесері өтті. Жиынды Мемлекет тарихы инс­титуты дирек­то­рының орынбасары, та­рих ғылым­дарының кандидаты, доцент Амангелді Қашқымбаев жүргізіп отырды.

Кітапты дайындап, жазу барысын­дағы басты мақсат – соғыстың шын мəнінде қалай болғанын көрсету. Мемлекет тарихы институтының ав­тор­­лық ұжымы құжаттардың мол қорын – мұрағаттық деректерден бас­тап, кеңестік жəне неміс генералдары мен маршалдарының мемуарлық əдебиеттері, саяси қайраткерлер мен дипломаттардың зерттеулерін пайдалану арқылы, соғыстың басынан бастап, оның Токиолық əскери трибуналмен аяқталуына дейінгі кезеңді қамтыған. Бұл еңбекте 1939 жылдан 1945 жылдар аралығында болған Екінші дүниежүзілік жəне Ұлы Отан соғысында болған маңызды кезеңдер көрсетілген. Кітапты дайындау барысында авторлық құрамы Алматы, Мәскеу, Украина, Белоруссия қалалары ғалымдарының зерттеулерімен толықтырылды. Көптеген суреттер, құжаттар ғылыми айналымға бірінші рет берілуде. Ғалымдардың таңдаған құрылымы оқиғаларды жылдар бойын­ша баяндап, оқырманға соғыстардың толық хронологиясын көрсетуге мүмкіндік жасайды.

Кітапта мұрағат деректеріне сүйе­ніп, тыл еңбеккерлерінің ерлігімен қоса, жер аударылған халықтар тағдыры да көрініс тапқан. Шетелдік мұрағат мəліметтерін пайдалану арқылы «Түркістан легионының» тағдыры, соғыс тұтқындарының қайғы­лы қасіреті көрсетілген. Ав­торлар отандық тарихнамада алғаш рет «хиви» деп аталатындарға қатыс­ты жабық тақырыпқа қалам тартты.

Со­ғыста қаза тапқан солдаттарды жады­мызда сақтау үшін Мемлекет тари­хы институтының ғалымдары үш бөлімнен тұратын зерттеулер: ұжымдық монография, соғыс ұрыста­рының планшет-сілтемесі және интер­нет-альбом дайындады, интернет-альбомда құжаттар, суреттер, соғыс тұт­қын­дарының суреттері, қаза тапқан солдаттардың тізімдері және тағы басқа көпте­ген құжаттар берілген. Әрбір адам Мемлекет тарихы институтының сайтына кіріп бұл құжаттармен «Абырой мен парыз» айдарында таныс бола алады.

Аталмыш шараға қоғам қайрат­кер­­лері, ғалымдар, ЖОО басшылары, тарих пәнінің мұғалімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.