Бұл 1999 жылғы тамыз айының орта шеніндегі көрініс еді... Сол жылдың ақпанында еліміздің бас басылымы – “Егемен Қазақстан” газеті Астана қаласына қоныс аударды. Газет ұжымын Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан журналистикасының ардагері, жазушы Шерағаң – Шерхан Мұртаза бастап келген болатын. Келген күні басылымның сол кездегі бірінші басшысы Ержұман Смайыл барлығымызға бір-бір пәтердің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті.
Балаларымыз Алматыда мектепте, зайыбымыз жұмыста болғандықтан, оларды елордаға өзімізбен бірге бірден алып келуге мүмкіншілік болмады. Ал біздің отбасыға соның сәті 1999 жылдың 15 тамызында түсті. Ұлым – Бекжан, қыздарым – Жадыра мен Ғалиябану өздері дүниеге келген әсем Алматыны, сыныптас достарын қия алмай, екі-үш күн “Астанаға бармаймыз”, деп көнбеді. Әйтеуір, көндірдік-ау.
...Біз мінген Алматы – Астана жолаушылар пойызы Астана темір жол вокзалына жақындап келеді. Ол кезде Ақмола облысын қара шегіртке басып жатқан шақ еді. Пойыз вагондары терезелерінің сыртына соғылған шегірткелердің өлімтігі сыртқы дүниені көрсетпейді, терезелерді тегіс тұмшалап алған. Балаларға көз қиығыммен қарап қоямын, олар терезеге жабысып, сыртқа тесіле қарайды да, “Сұмдық, сұмдық”, деп бастарын қайта-қайта шайқайды.
Пойыз вокзалдың бірінші жолына да келіп тоқтады. Жүгімізді сүйрете көтеріп, жапа-тармағай жерге түсіп жатырмыз. “Қызық” осы кезде басталды. Перрон үстін қалың қара шегіртке басқан. Жаншылған, тапталған, секірген шегірткелерден аяқ басар жер жоқ, күлімсі иіс мүңкіп тұр. Қыздарым секірген шегірткелерден шошып, біздің қолтығымызға қайта-қайта тығылады. Сонда Ғалиябану: “Сіз, бізді қайда әкелдіңіз?” – деп жыларман күйге түскені бар еді.
Содан бері он бір жылға жуық уақыт өтті. Балалар мектеп бітіріп, жоғары білім алды, жаңа достар тапты. Еңселі елордамыз – Астана қаласының тұрғындары атанды. Елорданың жыл өткен сайын жаңарып, жасарып келе жатқанына көздері анық жеткен соң, олар әсем Алматыны, асқақ Алатауды аңсауды қойды.
Біз сол көріністі, Ғалиябанудың айтқан сол сөздерін ауық-ауық еске алып, бір күлісіп аламыз. Қаланың сол жылдардағы кескінін елорданың қазіргі келбетімен салыстырамыз. Адам танымастай өзгерген, мүлде жаңарған, барлық жағынан өркендеген. Мемлекет басшысының тікелей басшылық етуімен асқақтап келе жатқан Қазақстанның бас қаласы – Астана осындай болуы керек.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.
АСТАНА.