• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Мамыр, 2015

Ерліктің еңселі ескерткіші

374 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ас­тана­дағы Қошқарбаев және Жұма­баев көшелерінің қиылысында орналасқан «Жерұйық» сая­ба­ғындағы генерал И.В.Пан­фи­ловтың ескерткішін ашу рәсіміне қатысты.

Салтанатты рәсім барысын­да Ел­басы барша ардагерлер мен ел тұрғындарын Отан қорғау­шы күнімен және Ұлы Жеңістің 70 жыл­­дық мерейтойымен құттық­тады.

«Бұл – Кеңес Одағының Ба­тыры Иван Панфиловқа ғана арналған ескерткіш емес, фашизмге қарсы күреске қатысқан барлық қазақстандықтарға, ұрыс даласында қаза тапқандарға және аман-есен оралып, елді дамытуға орасан еңбек сіңірген ардагерлерге деген тағзым», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев генерал-майор Панфиловтың басшылығында болған 316-шы атқыштар дивизиясы Алматы облысында құрылғанын еске салды.

«Осы дивизияның 28 панфиловшы жауынгері Мәскеу түбіндегі ең сұрапыл шайқасқа қатысты. Дивизия қатарында Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы болды. Олар фашистердің танктермен жасаған шабуылына бірге тойтарыс берді. Сол себепті де, генерал Панфиловтың есімі Ұлы Отан соғысы тарихында қалды. Біздер, қазақстандықтар, оларды өзге батырлармен бірге қастер тұтып, жадымызда сақтаймыз», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бүгін бар сый-құрмет пен тілек соғыс ардагерлеріне арналатынын атап өтті.

«Еліміз қажетті қолдауы мен жәрдемін көрсетуде. Әрқайсыңыз мемлекеттің қамқорлығындасыздар. Мен әрқайсыңызды да Жаңа жылмен құттықтауға тырыстым. Біз ардагерлерді мерекелерде ғана емес, барлық уақытта ардақтайтын боламыз, өйткені, сіздер бұған лайықсыздар. Бүгінгі ұрпақтың тұрақты, тәуелсіз әрі тату Қазақстанды құруы – сіздердің ерліктеріңіздің өтеуі. Еліміз қалай өркендеп келе жатқанын көріп отырсыздар, сондықтан бекерге соғы­сып, қан төкпеген екенбіз деп ойлау­ларыңызға толық негіз бар. Арамызда аман-сау жүріп, жастарды патриот­тық пен Отанға адалдық рухында тәрбиелей беріңіздер!» – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.

Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор И.В.Панфилов ескерт­кішінің авторы – мүсінші Ренат Әбенов. Биіктігі 2,5 метрлік ескерт­­кіш қоладан құйылған. Оның орта тұсында гүл шоқтарын қоятын арнаулы тақта бар.

Монументтің шығыс жағында аллея бойымен Мәскеуді қорғау ке­зінде шейіт болған 28 панфиловшы-жауынгердің туған жылдары мен қаза тапқан күндері жазылған, табиғи граниттен жасалған табақша-плиталар қойылыпты. Бұл жерден Кеңес Одағы Батырының «Алтын Жұлдызы» медалі бедерленген 28 стеланы да көруге болады.

Айналасы көгалдандырылған және жасыл желекпен көмкерілген аллеяға сәуле шығаратын 2 арнайы қондырғы мен 16 шамнан жарық түсіріледі.

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Суреттерді түсіргендер

С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.