АСТАНА. 20 наурыз. Кеше қазақстандық Данияр Кесікбаев Малайзия премьер-министрінің қызы Наджиба Разака Нуриане Наджвеге үйленді. Бұл туралы The Straits Times хабарлады.
Агенттіктің хабарлауынша, той 19 наурыз күні премьер-министрдің Путраджая қаласындағы «Seri Perdana» атты резиденциясында өткен. Ол елдің астанасы Куала-Лумпурға жақын жерге орналасқан. Оған Малайзия королі Абдул Халим Муадзам Шах, министрлер, елшілер мен дипломаттар қатысқан. Сондай-ақ Әбу-Даби мен Сауыд Арабиясынан қонақтар келген.
Жас жұбайлар АҚШ-та оқып жүргенде танысқан. Порталдың мәліметінше, Данияр болашақ қалыңдығына алғаш рет 2011 жылы 17 маусымда сақина таққан екен. Салтанатты рәсім премьер-министрдің резиденциясында өткен.
Айта кетейік, Наджва Вашингтондағы университтердің бірінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алған. Қазіргі кезде белгілі бір компанияда қызмет етеді. Ал Данияр Кесікбаев Нью-Йорктегі Колумбия университетін бітірген.
Тағы бір дерек, Данияр осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстаннан қашып кеткен аты танымал Майра Құрманғалиеваның ұлы екен.
Мұрат Айтқожа.