• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
08 Мамыр, 2015

Тату көршілік табысқа бастайды

306 рет
көрсетілді

Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға ресми сапары осыны айғақтады Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен кеше Астанаға Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин ресми сапармен келді. Қытай Төрағасы Респуб­лика­мызда өткен президенттік сайлаудан кейін Қазақстанға кел­ген бірінші шетелдік мемлекет басшысы болып отыр. Бұл жан-жақты стратегиялық серіктес­тіктің деңгейі жоғары екенін көр­сетеді. Сонымен қатар, екі елдің өзара қарым-қатынасын саяси, экономикалық, мәдени-гумани­тарлық ынтымақтастықтың жаңа сатысына шығаруға мүмкіндік беретіндігін де атап өткен жөн. Жалпы, Қазақстан мен Қытай Халық Республикасы арасындағы қарым-қатынастардың қысқаша тарихына тоқтала кететін болсақ, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 3 қаң­тар­ында орнатылған болатын. 2002 жыл­дың 23 желтоқсанында Қа­зақстан Республикасы мен Қы­тай Халық Республикасы ара­сындағы Тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған еді. Бұл бір-біріне шекаралас отырған екі елдің арасындағы мұнан кейінгі қатынастарды айқындап берген ең маңызды құжат болып табылады. Тәуелсіздіктің 23 жылы ішінде көрші Қытаймен қарым-қаты­насымыз жақсарып қана қоймай, сонымен қатар, өзінің сүре жолына түсіп, алыс-берісіміз, барыс-келісіміз жылдан-жылға күшейе түсті. Осы уақыт аралығында екі елдің мемлекет басшылары сан рет кездесіп, екі ел алдындағы келелі мәселелерді келісе отырып шешіп, тату көршілік пен сенімді достықтың нығаюына сындарлы негіз қалады деп айта аламыз. Алып Қытайдың қазіргі басшысы Си Цзиньпиннің бұл жолғы келісі де осыны айғақтай түсті. Құрметті мейманның келуіне орай Ақордада құрметті қарауыл сапқа тұрды. Мемлекет басшылары қарауыл алдымен өткеннен кейін келіссөзге қатысатын ресми делегация мүшелерін бір-біріне таныстырды. Мұнан кейін ресми келіссөздер басталды. Келіссөздер барысында мем­лекет басшылары екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін талқылады, соның ішінде аймақтық қауіп­сіздік мәселелеріне, халық­аралық ұйымдар аясындағы ын­тымақтастықтың нығаюына, сауда­экономикалық, инвестициялық, қаржы және мәдени-­гуманитарлық қарым-­қатынастың дамуына айрықша көңіл бөлінді. Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин халықаралық күн тәр­тібіндегі негізгі жайттарға да тоқ­талды. Сонымен қатар, Бірік­кен Ұлттар Ұйымы, Шан­хай ынтымақтастық ұйымы, Еура­зиялық экономикалық одақ сияқты түрлі халықаралық ұйымдар мен басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық пен үй­лестірудің басты бағыттарын сөз етті. Қазақстан Президенті Қытай Төрағасының еліміздегі президенттік сайлаудан кейін Қазақстанға келген бірінші шетелдік мемлекеттің көшбасшысы болып отырғанына назар аударды. – Осы арқылы Сіз біздің қарым-қа­ты­настарымыздың жоғары мәр­те­бесі мен айрықша маңызын айшық­тай түсесіз. Сіз мені телефон арқы­лы құттықтадыңыз, жеделхат жолда­дыңыз, енді, міне, келіссөздер өткізуге келдіңіз. Біз мұны жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР-мен тату көршілік қарым-қатынасты жал­ғас­тыру Қазақстанның сыртқы саяса­тының басымдығы болып табылатынын айтты. – Өзара іс-қимыл жасаған жылдары біз екіжақты ынтымақтастықты сапалы түрде трансформациялай алдық. Біз Қытай Халық Республикасымен ықпалдастықты тәуелсіздік жариялаған алғашқы күндерден бастадық. Содан бері үлкен жолды артқа тастап, тату көршіге айналдық, экономикалық, саяси тұрғыдан сенімді дос әрі сындарлы серіктес болдық. Бізде қарым-қатынастарымызды елдеріміздің мүд­десі үшін әрі қарай дамытуға қажетті жағдайдың бар екеніне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы екі елдің де жос­пары мен нақты белгілеген жұмыстары бар екенін, ол Қазақстан-Қытай қатынастарын мүлде жаңа деңгейге шығаратынын атап өтті. Соған орай, Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасына, сондай-ақ, Қытай басшылығына серіктестікті дамытудағы қолдауы үшін алғыс білдірді. ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Нұр­сұлтан Назарбаевқа жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, Қазақстан Прези­денті лауазымына қайта сайлануымен құттықтады. – Қазақстан халқы Сіздің басшы­лығыңызбен ұйыса түсіп, мемлекет құрылысы мен ұлттық жаңғыру ісінде жаңа, жарқын табыстарға жету үшін бірлесе күш-жігер жұмсайтынына сенімдімін, – деді Си Цзиньпин. Қытай Төрағасы Қазақстан-Қытай стратегиялық серіктестігі соңғы жыл­дары қарқынды ілгерілеп келе жатқа­нын айтты. – Біздің елдеріміз өңірдің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету ісінде маңызды, сындарлы күшке айналды. Қытай тарапы Қазақстанмен қарым-қатынасты дамытуға зор мән береді. Біз Қазақстан тарапымен бірлесе отырып, өзара мүдделілік бар негізгі мәселелер бойынша өзара қолдауды күшейту үшін бар күшімізді жұмылдыруға дайынбыз. Қытай қауіпсіздік сала­сын­дағы, экономикалық, гумани­тарлық салалардағы өзара тиімді ынты­мақтастық аясын жан-жақты кеңейтуге, сондай-ақ, халықтарымыздың игілігі үшін өңірлік және халықаралық істердегі өзара іс-қимыл мен үйлестіру жұмысын күшейтуге ниетті, – деді Си Цзиньпин. Қытай Халық Республикасының Төрағасы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айқын басымдықпен жеңіске жеткен және Елбасының мемлекетті ұзақ мерзімді дамытуға, елдің әл-ауқа­тын арттыруға бағытталған «Қазақ­стан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру аясында жүргізіп отырған саяса­тына Қазақстан халқының зор сенім артатынын айғақтаған кезектен тыс президенттік сайлаудың қорытындысына қолдау білдірді. Қытай тарапы Қазақстанның Еура­зияда сындарлы және теңдестірілген қарым-қатынас қалыптастыруға, өңірде және жалпы әлемде тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайтуға, соның ішінде АӨСШК аясында Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі халықаралық ұйым құруға, сондай-ақ, Астана қа­ласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізуге байланысты халықаралық бастамаларына қолдау білдірді. Келіссөздер барысында дүние­жүзінде болып жатқан күрделі өз­герістерге орай Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ сияқты түрлі халықаралық ұйымдар мен басқа да көпжақты құрылымдар аясындағы ынтымақтастық пен үйлестіруді кү­шейту қажеттігі жөнінде түсіністікке қол жеткізілді. Әлемдегі қақтығыстар мен тұрақ­сыздық ошақтарының ұлғаюын еске­ре отырып, өңірлік қауіпсіздік пен тұ­рақтылыққа қауіп төндіретін «үш қатерге» (терроризм, сепаратизм, экстремизмге), есірткінің заң­сыз айналымы, психотропты заттар­ға, трансшекаралық қылмысқа, киберқауіпке және басқа да қазіргі за­манғы қауіп-қатерлерге қарсы кү­рестегі тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға әзірлік білдірілді. Халықаралық құқық қағидаларын және БҰҰ жарғысын қатаң сақтаумен қатар, екі мемлекет арасында бұрын жасалған барлық шарттар тармақтарын мүл­тіксіз орындауға бейілділік қуат­талды. Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты мен Қытайдың «Бір белдеу, Бір Жол» тұжырымдамасы бір-бірін өзара толықтыратынын ескере отырып, индустрияландыру және инвестициялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықты ілгерілетуге уағда­лас­тық жасалды. Тараптар «Жібек жолы экономикалық белдеуі» аясында Еуразияның үйлесімді дамуына сеп­тігін тигізетін «Ұлы Жібек жолының» мәдени белдеуін құруға келісті. Келіссөздер барысында индус­трияландыру және инвестициялар саласындағы бірлескен қадамдар екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін беріп, сауда-экономикалық ықпал­дас­тықты серіктестіктің мейлінше жо­ғары деңгейіне шығаратыны атап өтілді. Қытай тарапы индустрияландыру және инвестициялар саласындағы жобаларды қаржыландыру үшін барынша қолайлы жағдай жасау ісіне жеңілдетілген қаржыландыру мен арнайы қор құру мәселесін қоса қамтитын жан-жақты қолдау көрсетеді. Қазақстан тарапы қолданыстағы заңна­маға сәйкес, аталған жобаларға түрлі мемлекеттік қолдау көрсететін болады. Тараптар өзара мүдделілік бар энергетикалық, қаржы-инвестиция, көлік-логистика, ауыл, орман ша­ру­а­шылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты жалғастыруға ке­лісті. Мұнымен қоса, екі жақ ішкі және халықаралық, соның ішінде Қытай нарығына да тасымалданатын бәсекеге қабілетті тауарлар өндірісін құруға бағытталған өндірістік жобалар бо­йынша ынтымақтастықты жандандырады. Инновациялар мен жоғары технологиялар саласындағы, өнеркәсіптің өңдеу және тау-кен салаларындағы, соның ішінде барлау және қатты пайдалы қазбалар кеніштерін жете қайта өңдеу жобаларында, мыс, алюминий өндірісі және басқа да металдар мен олардан шығатын дайын бұйымдар өндірісінде, химия өнімдері өндірісі мен өнімді Қытайға жеткізу саласында ынтымақтастықты дамытуға ұйғарым жасалды. Мемлекет басшылары жоғары технологиялар рөлінің артып келе жатқанын назарға ала отырып, ғылым және техника, балама энергетика, «жасыл экономика» салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажет екендігін атап өтті. Бұл орайда, Қытай Қазақстанның «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық маман­дандырылған көрмесін табысты өткізуіне қолдау көрсететін болады. Қазақстан мен Қытай үкіметтері басшыларының, Қазақстан-Қытай ынтымақтастық комитеті мен оның кіші комитеттерінің тұрақты кездесулерін өткізуге байланысты жұмыстарға жоғары баға берілді. Аталған тетіктер екіжақты ынты­мақтастықты дамытудағы бірың­ғай үйлестірушілік және жетекшілік рөлінің, сондай-ақ, екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастығының толыққанды дамуының негізгі шарт­тарының бірі екендігі ескеріле отырып, қолданыстағы екіжақты келісімдердің нормаларын сақтау жөніндегі түсі­ністіктің маңыздылығы құпталды. Қазақстан мен Қытай өңіраралық ынтымақтастығын, трансшекаралық көлік инфрақұрылымын дамытудың, екіжақты сауда-экономикалық және шекаралық ынтымақтастықты ілгері­лету үшін шекаралық ынтымақ­тастықтың «Қорғас» Қазақстан-Қытай халықаралық орталығын бірлесіп пайдаланудың, сондай-ақ, қоршаған ор­таны қорғау және трансшекаралық өзендердің су ресурстарын тиімді пайдаланудың маңыздылығы аталып өтті. Мәдени-гуманитарлық ынты­мақ­тастықты дамыту мәселелері де айтар­лықтай маңызды. Соның ішінде Астана қаласында Қытайды зерттеудің еуразиялық орталығын құрудың өзекті­лігіне назар аударылды. Ұлы Отан соғысының 70 жылды­ғына орай, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан Ұлы Жеңісті құрметпен еске алу ғана жаңа соғысқа жол бер­меудің сенімді кепілі болатынын және халықтар арасындағы татулық пен сенімді, тұрақтылықты нығайтуға ық­пал ететінін атап айтты. Қазақстан Президенті Н.Ә.На­зарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің биылғы 2-3 қыркүйекте Қытайға сапармен келу және Бейжіңде өтетін Жеңістің 70 жылдық мерейтойына қа­тысу жөніндегі шақыруын ризашы­лықпен қабыл алды. Си Цзиньпин жылы қабылдау мен сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін алғысын білдіріп, Қазақстан мен Қытай арасын­дағы жан-жақты стратегиялық серік­тестік пен тату көршілік қағидаттарына негізделген, өзара сенім, ашықтық және түсіністік жағдайында өткен кездесудің сындарлы сипатын атап өтті. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».