• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
03 Шілде, 2010

ЕЛОРДАДА – ЕЛБАСЫ КУБОГЫ

515 рет
көрсетілді

Бүгін Астанада грек-рим күресінен Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы жолындағы халықаралық турнир басталады. Деңгейі жағынан басқа да ірі халықаралық бәсекелерден кем түспейтін бұл жарысқа биыл 8 елдің құрамалары қатысатын болады. Турнирге құрметті қонақ ретінде FІLA президенті Рафаэль Мартинетти (Швейцария), Олимпиаданың үш дүркін чемпионы Александр Карелин (Ресей), Олимпиада чемпиондары Михаил Мамиашвили (Ресей) мен Чаба Хегедуш (Венгрия) шақырылып отыр. FІLA бюросының мүшесі, “Самұрық-Қазына-Аста­на” корпоративті қорының бас директоры Дәулет Тұрлыхановтың айтуынша, елорда төрінде төселген кілемде Қазақстанның үздік балуандары намысты қолдан бермеуге бар күштерін салады. Бұл бәсеке ұлттық құрама үшін алдағы кезде Мәскеуде өтетін әлем чемпионаты мен Қытайда жалауын көтеретін жазғы Азия ойындарына дайындық ретінде өткізіледі. Астанада осы күндері тағы бір Елбасы кубогы жолын­дағы турнир өтуде. Каратэнің шинкио­ку­шинкай түрінен өтіп жатқан додаға Қазақстан, Грузия, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейдің 150-ден астам спортшылары қатысуда. Ал 6-11 шілде күндері Алматыда волейболдан Қазақстан Президентінің кубогы жолындағы дәс­түр­лі халықаралық турнир өтеді. Аталмыш додаға ерлер арасында 6 команда, әйелдер арасында 4 команда қатысады. Халықаралық волейбол федерациясының ресми до­да­сы болып бекітілген турнирде ерлер арасында Қа­зақ­­стан ұлттық құрамасы, оның екінші командасы, Ту­нис, Алжир құрамалары мен Ресейдің “Локомотив – Изу­­мруд” клубы күш сынасады. Ал әйелдер бәсеке­сі­­не Қазақстан, Алжир, Украина құра­малары мен “Джиа­н­гсу” командасы қатысып, жарыс көрігін қыздырады. * * * КІМНІҢ БАҒЫ ЖАНАР ЕКЕН? Бейсенбі күні Астанада Бокс федера­циясының ұйымдастыруымен спорттың осы түрінен өтіп жатқан Елбасы Н.Назар­баевтың кубогы жолындағы халықаралық турнирде ақтық сынға жолдама беретін шиеленісті жекпе-жектер өтті. Онда жартылай финалға шыққан Қазақстанның 24 боксшысы арасынан 11 былғары қолғап иесі финалға жолдама алды. Осылардың ішінде өз салмақ дәреже­лерінде Біржан Жақып (48 кг.), ресейлік Ғайырбек Гермахановты жеңген Мирас Жақыпов (51 кг.), Айдар Әмірзақов (60 кг.), Серік Сәпиев (69 кг.), Данабек Су­жанов (75 кг.), Азамат Белгібаев (81 кг.) сияқты бокс­шылардың жақсы өнер көрсеткенін атап өткеніміз жөн. Сонымен бірге жартылай финалға дейін сүрінбей жетіп Украинаның Олимпиада чемпионы Василий Лома­чен­ко­дан ұтылған Самат Бәшенов (60 кг.) пен Дәурен Елеусінов (75 кг.) жас болса да қарсыластарына лайық­ты қарсылық көрсете алғанын айтуға болады. Ал Серік Сәпиев пен Азамат Белгібаевтың жеңісі жарты жылдай іште жүрген күйінішті тарқатқан жеңісі болды. Бұл екі боксшы қаңтар айында Астанада өткен Қазақ­стан чемпионатында Рүстем Сыбаев пен Алмат Се­рімов­тен жеңіліс тапқан болатын. Осы жолғы жекпе-жектерде олар жанкүйерлер алдында сол кезде кеткен есені қайтарды десек болады. Мұнда Серіктің жеңісін ерекше атап өткеніміз жөн. Рүстеммен болған жекпе-жек­те ол кездесу басталмай жатып қарсыласына лап қой­ды. Сөйтіп, екі раунд бойы Сыбаевтың басын кө­терт­кізбей, сабап тастады. Осы кезде Сыбаевтың бапкері орамалды шаршы алаңға лақтырып, төрешіден кездесуді тоқтатуды өтінді. Есеп – 14:1. Сәпиевтің пайдасында. Енді аталмыш турнирдің ақтық сынында Серік Сәпиев ресейлік Александр Клинковпен, Азамат Белгі­баев кубалық Иросбанис Дювергел Авилиспен кез­дес­­се, басқа салмақтарда жеңген Иван Дычко (91 кг.-ден жоғары) сириялық Соумар Хуссунмен, Мерей Ақшалов (64 кг.) ресейлік Александр Беспутинмен, Айдар Әмір­зақов (60 кг.) Василий Ломаченкомен айқа­сады. Сол сияқты өз салмақ дәрежелерінде финалға шыққан тағы 6 боксшымыз өзге елдің өкілдерімен күш сынасады. Дастан КЕНЖАЛИН.