Бүгін Астанада грек-рим күресінен Қазақстан Республикасы Президентінің кубогы жолындағы халықаралық турнир басталады. Деңгейі жағынан басқа да ірі халықаралық бәсекелерден кем түспейтін бұл жарысқа биыл 8 елдің құрамалары қатысатын болады.
Турнирге құрметті қонақ ретінде FІLA президенті Рафаэль Мартинетти (Швейцария), Олимпиаданың үш дүркін чемпионы Александр Карелин (Ресей), Олимпиада чемпиондары Михаил Мамиашвили (Ресей) мен Чаба Хегедуш (Венгрия) шақырылып отыр. FІLA бюросының мүшесі, “Самұрық-Қазына-Астана” корпоративті қорының бас директоры Дәулет Тұрлыхановтың айтуынша, елорда төрінде төселген кілемде Қазақстанның үздік балуандары намысты қолдан бермеуге бар күштерін салады. Бұл бәсеке ұлттық құрама үшін алдағы кезде Мәскеуде өтетін әлем чемпионаты мен Қытайда жалауын көтеретін жазғы Азия ойындарына дайындық ретінде өткізіледі.
Астанада осы күндері тағы бір Елбасы кубогы жолындағы турнир өтуде. Каратэнің шинкиокушинкай түрінен өтіп жатқан додаға Қазақстан, Грузия, Жапония, Қырғызстан, Өзбекстан мен Ресейдің 150-ден астам спортшылары қатысуда.
Ал 6-11 шілде күндері Алматыда волейболдан Қазақстан Президентінің кубогы жолындағы дәстүрлі халықаралық турнир өтеді. Аталмыш додаға ерлер арасында 6 команда, әйелдер арасында 4 команда қатысады.
Халықаралық волейбол федерациясының ресми додасы болып бекітілген турнирде ерлер арасында Қазақстан ұлттық құрамасы, оның екінші командасы, Тунис, Алжир құрамалары мен Ресейдің “Локомотив – Изумруд” клубы күш сынасады. Ал әйелдер бәсекесіне Қазақстан, Алжир, Украина құрамалары мен “Джиангсу” командасы қатысып, жарыс көрігін қыздырады.
* * *
КІМНІҢ БАҒЫ ЖАНАР ЕКЕН?
Бейсенбі күні Астанада Бокс федерациясының ұйымдастыруымен спорттың осы түрінен өтіп жатқан Елбасы Н.Назарбаевтың кубогы жолындағы халықаралық турнирде ақтық сынға жолдама беретін шиеленісті жекпе-жектер өтті.
Онда жартылай финалға шыққан Қазақстанның 24 боксшысы арасынан 11 былғары қолғап иесі финалға жолдама алды. Осылардың ішінде өз салмақ дәрежелерінде Біржан Жақып (48 кг.), ресейлік Ғайырбек Гермахановты жеңген Мирас Жақыпов (51 кг.), Айдар Әмірзақов (60 кг.), Серік Сәпиев (69 кг.), Данабек Сужанов (75 кг.), Азамат Белгібаев (81 кг.) сияқты боксшылардың жақсы өнер көрсеткенін атап өткеніміз жөн. Сонымен бірге жартылай финалға дейін сүрінбей жетіп Украинаның Олимпиада чемпионы Василий Ломаченкодан ұтылған Самат Бәшенов (60 кг.) пен Дәурен Елеусінов (75 кг.) жас болса да қарсыластарына лайықты қарсылық көрсете алғанын айтуға болады. Ал Серік Сәпиев пен Азамат Белгібаевтың жеңісі жарты жылдай іште жүрген күйінішті тарқатқан жеңісі болды. Бұл екі боксшы қаңтар айында Астанада өткен Қазақстан чемпионатында Рүстем Сыбаев пен Алмат Серімовтен жеңіліс тапқан болатын. Осы жолғы жекпе-жектерде олар жанкүйерлер алдында сол кезде кеткен есені қайтарды десек болады. Мұнда Серіктің жеңісін ерекше атап өткеніміз жөн. Рүстеммен болған жекпе-жекте ол кездесу басталмай жатып қарсыласына лап қойды. Сөйтіп, екі раунд бойы Сыбаевтың басын көтерткізбей, сабап тастады. Осы кезде Сыбаевтың бапкері орамалды шаршы алаңға лақтырып, төрешіден кездесуді тоқтатуды өтінді. Есеп – 14:1. Сәпиевтің пайдасында.
Енді аталмыш турнирдің ақтық сынында Серік Сәпиев ресейлік Александр Клинковпен, Азамат Белгібаев кубалық Иросбанис Дювергел Авилиспен кездессе, басқа салмақтарда жеңген Иван Дычко (91 кг.-ден жоғары) сириялық Соумар Хуссунмен, Мерей Ақшалов (64 кг.) ресейлік Александр Беспутинмен, Айдар Әмірзақов (60 кг.) Василий Ломаченкомен айқасады. Сол сияқты өз салмақ дәрежелерінде финалға шыққан тағы 6 боксшымыз өзге елдің өкілдерімен күш сынасады.
Дастан КЕНЖАЛИН.