• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Мамыр, 2015

Әскери шеру еліміздің айбынын асырды

1140 рет
көрсетілді

Ел мерейін өсіріп, айбынын асырған бұл парадқа 4778 әскери қызметші, 227 бірлік қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ, әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы қатыстырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Қарулы Күштерінің техникаларынан бөлек, Ұлы Отан соғысы кезінде кеңінен қолданылған қару-жарақ түрлері де көрсетілді.

Айта кетейік, осы әскери шараға Қарулы Күштеріміздің әскери қызметшілері мен әскери техникасы рекордтық көлемде тартылды.

Халқымыздың рухын көтеріп, еліміздің абыройын асырған бұл әскери шеруге «Даңқ», «Айбын» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев басшылық жасады. Парад басшысы әскери бөлімдерді сапқа тұрғызғаннан кейін Мемлекеттік туды және Жеңістің Қызыл туын алаңға алып шығуға әмір берілді.

Ту ұстаушылар тобын Мем­ле­кеттік күзет қызметі «Айбын» Пре­зиденттік полкі рәсімдік батальон командирінің орынбасары, майор Қанат Әзімбаев бастап шықты. Ол – Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы республикалық әскери мектеп-интернаттың түлегі. Ал Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік туын Мемлекеттік күзет қызметі Құрмет қарауылы рота­сының бөлімше командирі, сер­жант Әділхан Асанханұлы ұстады. Оның ассистенттері Құрмет қарауылы ротасының сержанттары Арынғазы Арғын мен Дәукен Мейірханов болды. Сондай-ақ, осыдан 70 жыл бұрын отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның жауынгер досы Григорий Булатовтың Рейхстагқа тіккен туының дәл көшірмесі – Жеңістің Қызыл туын алаңға Құрмет қарауылы ротасының сержанты Ақжолбек Болатаев көтеріп шықты. Оның ассистенттері ретінде аталмыш ротаның сержанттары Айдархан Байсалов пен Ербол Асмановтың есімі аталды. Жеңістің Қызыл туын желбіреткен бұл жігіттерге Құрмет қарауылы ротасының басшысы, аға лейтенант Хасен Жасболатұлы жетекшілік етті.

Еске сала кетейік, Ұлы Отан соғысы жылдары Жеңістің Қызыл туы астында қазақстандық жауынгерлер Мәскеу, Сталинград, Курск түбін­дегі қанды шайқастарда ерлік­тің қайталанбас үлгісін көрсе­те білген-ді. 1945 жылдың 30 сәуі­рінде қазақ батыры Рақым­жан Қошқарбаевтың Берлин­дегі Рейхстагқа Жеңіс туын тік­кені баршамызға белгілі. Осынау даңқты ерлігі үшін оған «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордені тапсырылды. Ал 1999 жылдың 7 мамырында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Халық Қаһарманы атағы берілді.

Сонымен, Мемлекеттік Ту мен Жеңістің Қызыл туы салтанатты жағдайда әкелінген соң алаңға Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов шықты. Оған генерал-лейтенант Мұрат Майкеев Қарулы Күштер әскерлерінің сапқа тұрғызылғанын баяндады.

Бұл кезде алаңда Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қа­зақ­стан Рес­пуб­ликасы Мем­лекет­тік күзет қыз­метінің шеруші топтары сақа­дай сай дайын болатын. Ал әскери сал­танатты шеруге қаты­­­сатын меха­ни­каландырылған лек қозғалу үшін бастапқы шепке орналас­­ты­рыл­ған-ды. Сонымен қатар, аэ­родромда ұшақтар мен тік­ұшақ­тар көкке көтерілуге әзір тұрды.

Жалпы, Қарулы Күштердің қуатты әлеуетін көрсету қай кезде де халықтың туған елге, жерге деген мақтаныш сезімін оятып, рухты асқақтатып, әскердің Отанды қорғау қабілетіне деген сенімді нығайтады.

Осыдан 23 жыл бұрын Мем­лекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған болатын. Осы аралықта әскеріміз даму­дың күрделі жолынан өтіп, қазіргі таңда заман талабына сай қалыптасты. Жоғары кәсіби, ұтқыр, заманауи қару-жарақ­пен және техникамен жарақтан­ды­рылған армия Тәуелсіз еліміздің айбынына айналды. Адалдық үшін айтып өтуіміз керек, осынау іргелі істің жүйелі түрде жүзеге асуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі өлшеусіз.

Қазақстан Республикасының Конституциясында көр­сетіл­гендей, ел Президенті Қарулы Күш­тердің Жоғарғы Бас қолбас­шысы болып табылады. Әр азамат Отан қорғаушы санатына қосылғанда, Қазақстан халқына және оның Президентіне адал болуға ант береді. Қазіргі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз ынтымақ пен келісімнің, тұрақтылық пен орнықты дамудың ордасына айналып отыр.

Сағат 11.00-де «Қазақ Елі» алаңына парад көлігімен Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назар­баев шықты. Әскери сап алдын­да Қорғаныс министрі Иман­ғали Тасмағамбетов Мемлекет бас­шысы – Жоғарғы Бас қолбас­шыға әскерлердің Ұлы Отан соғы­сындағы Жеңістің 70 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне арналған парадқа дайын екенін баяндады. Іле Елбасы парад автокөлігімен әскери қызметшілер сапын аралап, парадтық есептоптарға амандасты.

Мінбеге көтерілген Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұр­сұлтан Назарбаев барша қазақ­стан­дықтарды және әскери шеру­ге қатысушыларды Отан қорғау­шы күнімен, Ұлы Жеңістің 70 жыл­дығымен құттықтады.

– Қымбатты отандастар! Құр­метті сардарлар мен сарбаздар! Отан қорғаушы күні және Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы құтты болсын! Осыдан 23 жыл бұрын дәл осы күні менің Жар­лығыммен Қазақстанның Қару­лы Күштері құрылды. Бүгінде ол – кәсіби сарбаздар мен заманауи жарақтардан тұратын айбынды Армия. Біздің әскеріміз ұлан-ғайыр даламыздың әрбір қадам жерін қапысыз қорғауға қабілетті. Біз – бабалардың ерлік жолын қастерлеп, елдік жолын жалғаған ұрпақпыз. Қанымызға сіңген қастерлі борышты антына адал ерлеріміз қазір де абыроймен атқаруда. Ер азамат үшін туған жердің тұтастығын, туған елдің тыныштығын күзетуден асқан абырой жоқ. Сіздердің қызмет­теріңіз – ел тәуелсіздігінің және хал­қымыздың болашаққа сені­мінің кепілі, – деді Елбасы.

Бұдан кейін Президент өз сөзін Жеңістің 70 жылдығы мерекесіне бағыттады.

– Екі күннен соң Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл болады. Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстағы Ұлы Жеңіске біздің халқымыз өшпес үлес қосты. Майданға аттанған 1 миллион 200 мың жерлесіміздің тең жартысы ерлікпен қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс жылдарында бүкіл халқымыз тыл жұмысына жұмылып, жеңісті жақындатуға еңбек сіңірді. Қас дұшпанға қарсы атылған әрбір он оқтың тоғызы қазақ жерінде жасалды. Әкелеріміздің ерлігі мен аналарымыздың еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Біздің жеңістеріміздің тарихы – патриотизм мен ел бірлігінің нағыз үлгісі. Біз Ұлы Жеңісті мәңгі ұлықтап өтеміз, – деді Президент.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бес институттық реформаны жүзеге асыру жаңа ұрпақ үшін даңғыл жол ашатынын жеткізді. Аталмыш реформа Қазақстанның өркендеуіне, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуына өз үлесін қосады. Ал біздің бұған дейінгі жетістіктеріміздің барлығы жаңа асуларды бағындыруға ынталандырады. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев:

– Биыл 20 жылдығын атап өтіп жатқан Конституцияның бірінші бабы: «Біз, Қазақстан халқы» деп басталады. Бұл – көпұлтты халық бірлігінің мызғымас формуласы. Біз ең басты құндылықтарымызды – тәуелсіздікті, татулық пен тұрақ­ты­лықты ғасырдан ғасырларға сақтауға тиіспіз. Барлық мемлекет­тік институттардың және әрбір қа­зақстандықтың парызы – осы құн­дылықтарды қорғау. Отан қорғау­шылардың алдыңғы қатарында біздің айбарлы Қарулы Күштеріміз тұр, – деді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде елі­міздің әскери қызметшілеріне сөз арнады.

– Жоғарғы Бас қолбасшы ре­тін­де мен еліміздің әрбір әскери қызметкеріне үндеу жасаймын. Сіздерге биік міндет – Қазақстан егемендігі мен азаматтардың тыныш­тығын қорғау жүктелген. Осы қа­сиетті парызды адал орын­даңыздар. Бүгін біздің айбынды жауынгерлеріміз осы алаңнан салтанатты шеру тартып өтеді. Бұл – Ұлы Жеңіске және Отан қорғаушы күніне көрсетілген құрмет, – деді.

Елбасы өз сөзін: «Қымбатты қазақстандықтар! Еліміздің ше­бі бүтін, шекарасы берік болып, Отанымыз тыныштыққа бөле­не берсін! Мәңгілік Елімізде мыз­ғымас бейбітшілік болсын! Бай­рағымыз биікте желбіреп, абыройымыз асқақ болсын! Айбынды Армиямыз жасасын! Қазақстан жасасын!», – деп түйіндеді.

Президент сөзінен кейін Ән­ұран шырқалып, одан кейін парад басшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев салтанатты шеруді бастауға бұйрық берді. Па­радтағы жаяу тізбектер шеруін Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мекте­бінің барабаншылар ротасы бас­тады. 1999 жылғы 4 қарашада мектептің ашылу рәсімі осы арнайы оқу орнын құру идеясын ұсынған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен болатын. Осы жылы мектепке өмір жолы өнегеге толы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілген-ді. Қазіргі таңда бұл оқу орнының түлектері өздерінің саналы ғұмырларын Отанға қызмет етуге арнап жүр. Құрылғалы 16 жыл өткен, жеткіншектердің бойына тәртіп пен Отанға адал қызмет етудің игі дәстүрін сіңіріп келе жатқан бұл «Жас ұлан» мектебінде дәріс алып жүргендер – еліміздің барлық өңірлерінен келген үлгілі, озат оқушылар.

«Жас ұлан» мектебі өкілдерінің соңынан Ұлы Отан соғысы уақы­тындағы әскери форма үлгісін киген парадтық үш топ ілесті. Бірінші топ Ұлы Отан соғысы кезінде құрамында біздің жерлестеріміз соғысқан 72-ші гвардиялық ат­қыштар дивизиясының жауын­гер­лік туы­ның көшірмесін ұстап өтті. Жиылған жұртшылық Ұлы Отан соғысындағы аңыз қару аталған «Максим» пулеметтерін өз көз­дерімен көрді.

Одан кейін Қарулы Күштердің қазіргі заманғы парадтық есептобы көрінді. Олардың ізін ала Қорғаныс министрлігінің есептобы бой көрсетті. Құрлық әскерлері – армиямыздың негізгі екпінді күші. Қарулы Күштердің бұл түрі саны жағынан ең үлкен және жауынгерлік міндеттердің кең ауқымын атқаратын маңызды бөлігі саналады. Құрлық әскерлерінің құрамына мотоатқыштар, танк, артиллериялық бөлімдер, теңіз жаяу әскерлері, десантты-шабуылдаушы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бригадалары кіреді. Іле Әуе қорғанысы күштерінің парадтық есебі сап түзеді. Олардың негізгі мақсаты – Отанымызға көктен төнген қауіптің алдын алу, әскери нысандарымызды әуе шабуылынан қорғау, басқа да қарулы күштерге әуеден қолдау көрсету. Қазіргі уа­қытта Әуе қорғанысы күштері зама­науи қару-жарақтармен және кәсі­би мамандармен қамтамасыз етіл­ген. Соның арқасында олар өз­дерінің мүмкіндіктерін дәлелдеп келеді.

Салтанатты шеруді Әскери-теңіз күштерінің парадтық есептобы жалғастырды. Олар еліміздің теңіз шебіндегі қауіпсіздігін қам­тамасыз етеді. Дәлірегі, Әскери-теңіз күштерінің жеке құрамы өз міндеттерін табысты орындап, еліміздің теңіз шебін сенімді күзетуде. Аз ғана уақыттың ішін­де мамандар дайындау жүйесі қалыптасқанын, еліміздің әскери-өнеркәсіп кешені әскери кемелер құрылысын жолға қойғанын ерекше атап өтуіміз керек. Сондай-ақ, былтыр Орал қаласында отандық «Сарыарқа» зымырандық-артил­лериялық кемесінің суға түсіріл­генін де еске сала кетейік.

Бұлардан соң алаң орталығына Аэроұтқыр әскерлердің шеру тобы шықты. Десантшылар үне­мі жауынгерлік әзірлікте тұрады. Аэроұтқыр әскерлері Қару­лы Күштердің Жоғарғы Бас қолбас­шы­ның резерві болып табылады. Десантшы-әскерлер ең қиын тапсырмаларды орындай алады.

Бұдан кейін жұртшылықтың назары Теңіз жаяу әскерлері гвар­диялық бригадасының ротасына ауды. Бұл бригадаға еліміз үшін аса маңызды Каспий маңы өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Теңіз жаяу әскер­лерінің ұраны – «Біз қайда болсақ, жеңіс сонда!». Бұлар әркез өз­дерінің жоғары деңгейдегі дай­ын­ды­ғымен танылып, оқу-жатты­ғу­ларда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.

Салтанатты шараны одан ары «Қазбриг» бітімгерлік бригадасы жалғастырды. Бригада БҰҰ стандарттарына сай құрылған. Бітімгерлік бөлім келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден жасақталған. Олар – өз ісінің нағыз шеберлері. Бұлардың ізін басып алаңнан ерекше жауынгерлік киім киген Арнайы мақсаттағы бөлімшелердің сарбаздары өтті. Аяқтарын нық басқан жауынгерлердің бойларынан күш-жігердің нышаны анық байқалады. Әскери тәжірибелер көрсетіп бергендей, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда құрамы жағынан шағын, алайда ұтқыр бөлімшелер маңызды рөл атқарады. Сондықтан да бұл бөлімшелердің құрамы шағын болғанымен, әлеуеті күшті.

Көпшілік шерудің ең көрікті қатысушылары деп таныған әскери қыз-келіншектерден құралған шеру тобы да салтанатты шараның маңызын арттыра түсті. Әлия мен Мәншүктей қазақтың батыр қыздарының ізін басып келе жатқан олар бүгінгі таңда әскери қызметтерін абыроймен атқарып жүр. Әскери қызметші әйелдер өздеріне тиісті мамандықтарын жетік меңгерген. Олардың арасында мергендер, байланысшылар, дәрігерлер, психологтар бар.

Сонымен қатар, алаңнан Нұр­сұлтан Назарбаев атындағы Ұлттық қорғаныс университеті офицерлерінің парадтық сапы жүріп өтті. Бүгінге дейін аталған университетте мыңға жуық офицер білім алған. Олар Отан қорғау саласындағы құрылымдарда лайық­ты қызмет етуде. Парадты одан әрі жігерлі қадаммен Құр­лық әскерлері әскери инсти­ту­ты курсанттарының ротасы жалғас­тырды. Бұл әскери оқу орнының парадтық есептобы жақында Мәскеудің Қызыл алаңында Ұлы Жеңіс құрметіне арналған парадқа қатысатынын мақтанышпен айтып өтейік.

Жалпы, Құрлық әскерлері әске­ри институты 40 жылдан астам уақыт танк әскерлері мен мото­ат­қыштар үшін мамандар дайындап келеді. Ал Қазақстан Респуб­ликасының Қарулы Күштері құ­рылған сәттен бері әскери десант­тық-батыл әрекет ету, тау-мер­гендері, барлау бөлімшелері үшін офицерлер даярлауда. Инсти­туттың іргесі қаланғаннан бері мұнда 16 мыңнан астам офицер дайындалған, олардың 50-ден астамы генерал шенін алған. Аталған әскери оқу орнының түлектері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізгі офицерлік құрамы болып табылады.

Келесі кезекте Радиоэлек­тро­ника және байланыс әскери-ин­женерлік институтының курсанттары парадтың сәнін келтірді. Бұл – Орталық Азия өңіріндегі автоматтандырылған басқару жүйесі мен байланыс саласында маман­дар даярлайтын жалғыз оқу орны. Институт жоғары зияткерлік және жоғары технологиялық жүйелерді басқаруға қабілетті кәсі­би білікті офицер-инженерлер дайын­дауда үлкен жетістіктерге жетіп жүр.

Сондай-ақ, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе-қорғанысы күштері әскери институтының үздік курсанттары да әскери шеруде жұртшылық назарын өздеріне аударды. Айта кетейік, 1998 жылдан бері институтты 1800-ден астам офицер бітіріп шыққан. Олар бүгінде Қарулы Күштерде, басқа да әскери құрылымдардың авиациялық бөлімдерінде өздері­нің жауынгерлік борыштарын лайықты атқаруда.

Мінбер алдынан Ұлттық ұлан Петропавл әскери институтының курсанттары да сымдай тартылып, сап түзеп өтті. Аталған оқу орны 1997 жылы құрылған-ды. Бүгінде халықаралық деңгейдегі ең үздік әскери оқу орындарының бірі ретінде танылуда.

Парадты Қорғаныс министрлігі Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусының салтанатты шеруі жалғастырды. Кадет корпусының негізгі міндеті – кәсіпқой сержанттар даярлау. Ал бұлардың ізін ала Қазақстан Қарулы Күштері Әскери полициясының парадтық есептобы сап түзеп, мінбер алдынан өтті. Олардың сапында ерекше жағдайларда қолданылатын шұғыл әрекет ету бөлімдерінің әскери қызметкерлері қызмет етеді. Салтанатты шеруге Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің парадтық есептобы да шықты. Шекара қызметі Қарулы Күштерімізбен бірге шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, еліміздің тыныштығын кірпік қақпай күзетуде. Жалпы, біз Шекара қызметі жөнінде әңгіме қозғар болсақ, осы саланың 83 жылдық тарихы бар академиясына тоқталмай өте алмаймыз. Өйткені, 10 мыңнан астам офицерді дайындап шығарған, олардың ішінде 44 түлегі Кеңес Одағының Батыры атағын алған академияның рөлі еліміз үшін айрықша.

Келесі кезекте Қазақстан Ұлт­тық ұланы шұғыл мақсаттағы ал­ғашқы жеке бөлімінің парадтық есептобы да өзге әріптестері секілді өз салтанатымен шеру тартып өтті. Осы арада біз Жеңістің 70 жылдығын тойлау кезінде олардың «Біз – Жеңіс мұрагерлеріміз» атты акция ұйымдастырғанын ескере кетейік. Сол сияқты, мінбер алдынан өтуге Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты Көкшетау техникалық институтының курсанттарына да кезек келді. Онда түрлі сипаттағы қысылтаяң жағдайларда ауқымды міндеттерді шеше алатын білікті офицерлер даярланады. Жаяу әскери шеруді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің рота колоннасы аяқтады. Олар Президентке тікелей бағынады және Елбасы алдында есеп береді, сондай-ақ, Отанымыздың ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшке жатады.

Жаяу әскерлер шеруі аяқтал­ғаннан кейін соғыс жылдарындағы және Қазақстанның ең соңғы жаңа үлгідегі әскери техникалары алаңға шықты. Парадта бірінші болып Т-34 танкі жүріп отырды. Бұл соғыс жылдарында аты аңызға айналған ең күшті танктердің бірі болған. Ол соғыс күрмеуінің шешілуіне елеулі үлес қосқан. Ол басқа танктерді, құрышты автокөліктерді және ДОТ (ұзақ уақыт ату нүктесі), ДЗОТ (ағаш-топырақпен бекітілген ату нүктесі) типтес, басқа да құрышпен қап­талған нысандарды және жаудың күшін жоюға арналған.

Оның техникалық сипаттамаларына келер болсақ, танктің экипаж құрамы 5 адамнан тұрады, салмағы 26,3 т., 76,2-мм Л-11 зеңбірегі, 2 не 37,62-мм ДТ пулеметтері бар. Ең жоғары жылдамдығы 53 км/са­ғатқа жетеді. Бұл санаттағы танк­тің елімізде 5 бірлігі бар. Әске­ри шеруде ЗиЛ-157, ЗИС-2 зеңбі­ректері, М-30 гаубицалары, әлемге «Катюша» атымен таныл­ған БМ-13 атыс жүйесі ел назарына ұсынылды.

Бұл қарулар мен көліктерге де аз-кем тоқтала кетсек, артықтық етпес. ЗиЛ-157 – қаруларды жетекке алуға, түрлі жүктер мен жеке құрамды тасымалдауға арналған. Ол 3750 кг. жүкті таси алады. Ал толық салмағы – 10185 кг., саға­ты­на 60 км. жылдамдықпен жүре ала­ды. Жанармай шығыны – 35,0 л.

Сонымен қатар, әскери парадта жұрт назарына ұсынылған ЗИС-2 танк бұзар зеңбірегі де Ұлы Отан соғысы кезеңінде кеңестік қарулардың бірі болды. Бұл 1940 жылы әзірленген, сол уақыттағы әлемдегі ең күшті танк бұзар зең­бірек атанған. Оның салмағы 1050 кг., тура ату қашықтығы 1120 м., ату шапшаңдығы 25 атыс/мин. Бар­лығы 13 710 бірлік жасалып шы­ғарылған. Кейбір мемлекеттер әскерлерінде ЗИС-2 әлі күнге дейін қолданылады. Қазақстанда тұғыр немесе мұражай экспонаттары ретіндегі бұл қару түрінің 31 бірлігі сақталған.

Тағы бір көне әскери техни­ка­ның бірі – М-30 зеңбірегі. Ол – 1938 жылғы үлгідегі 122-мм М-30 гаубицасы. Бұл қару 1939 жылдан 1955 жылға дейін шыға­рылған, әлемнің көптеген елдері әскерлерінде болған, тіпті әлі де бар, ХХ ғасырдың ортасы мен соңында болған барлық дерлік соғыстарда және қарулы қақтығыстарда кеңінен қолданылған. Негізінен, артиллерия бөлімдерін М-30 гаубицасымен қаруландыру Ұлы Отан соғысында нацистік Германияны күйретуде үлкен рөл атқарған. Оның барлығы 19 266 бірлігі жасалып шығарылыпты.

Сондай-ақ, Ұлы Отан соғы­сы кезеңіндегі реактивті артил­ле­рия­ның кеңестік БМ-13 жауын­гер­лік машинасы атанған БМ-13 – «Катюша» да ең кең таралған және атақты жауынгерлік маши­на. Бұл техниканың оқ бағыттау­шыларының саны – 16, снарядсыз жорықтық күйдегі салмағы 7200 кг., оқтау уақыты – 5-8 мин, ал ату қашықтығы – 8470 метр.

Жоғарыда аталған ескі әскери техникалар шеруі алаңнан өткеннен кейін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне арналған әскери парадты Қазақстан Қарулы Күш­терінің қару-жарақ және әскери техникасынан құралған механи­ка­ландырылған лектер жалғастырды.

Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери әзірлігі және техникалық жарақтануы жағынан әлемнің алдыңғы қатарлы армияларымен иық теңестіре алатын дәрежеде.

Парадқа қатысқан қазіргі техникаларға тоқталсақ, заманауи техникалар шеруін Т-72Б танкі бастады. Бұл танктер бөлімінің ең негізгі қаруы саналады. Ол ең үздік әлемдік стандарттарға сай келеді. Т-72Б – бірнеше қабатта брондалған және снарядқа қарсы жабдықталған. Яғни, ұрыста жүріп қорғануға ыңғайлы етіп жасалған.

Бұдан өзге, алаңда танктерді қолдау жауынгерлік машиналары, соңғы жылдары қазақстандық армияның сапына қосылған машиналар, «Солнцепек» жаяу әскер жауынгерлік машиналары, БМП-2, БТР-82 бронетранспортерлері, Д-30, «МСТА-Б» гаубицалары, «КамАЗ», автокөліктері, «Штурм-С» кешені, «Тигр» брон­ды көліктері, «Стрела-10» зенит­ті-зымыран кешенінің батареясы, «Смерч» реактивті жүйесі, «Коб­ра» жауынгерлік барлау көліктері, Аэроұтқыр бөлімдеріне арналған «Хаммер» көліктері, С-200, С-300 көпарналы зениттік-зымырандық кешендері және басқа да заманауи әскери техникалар жүріп өтті.

Бұлардың ішіндегі бірқатарына қысқаша сипаттама бере кетейік. Мәселен, «Солнцепек» бір дүркін оқ атқанда 40 мың шаршы метр аумақты қиратып кетеді. Ал «Стрела-10» зенитті-зымыран ке­шені 5 шақырым қашықтықтағы жә­не 3 шақырым биіктіктегі нысананы атып түсіре алады. Сол сияқты, БТР-82 бронетранспортерінде 30 миллиметрлік калибрдегі тез ататын автоматты зеңбірек, тұрақтандырғыш және нысанды комбинациялық тұрғыда дәлдейтін 7,62 мм. калибрлі қосауызды пулемет орналастырылған. Ол судағы кедергіні оңай еңсере алады. Ал «Кобра» барлау автомашинасының қазіргі замандағы қақтығыс пен соғыста өзіне жүктелген тапсырманы дәлме-дәл және кез келген жағдайда толық орындауға мүм­кіндігі бар.

Сол секілді, «Хаммер» көлік­тері жол таңдамайтынымен ерек­шеленеді және жауын-шашынды, боранды күндерде жүруде қиындық туғызбайды. Сондай-ақ, ол танкке қарсы басқарылатын зымыран кешенімен жабдықталған. Бұған қоса, қуатты дизельдік қоз­ғалтқыш орнатылған ол, 5 тонна­лық салмағына қарамастан, саға­тына 110 шақырым жыл­дам­дықпен жүре алады. Ал «Смерч» реактивті жүйесінің бір оғы 280 гектар аумақты тас-талқан етеді. Оның бір зымыранының салмағы 800 кило тартады. Сағатына 90 шақырым жол жүреді.

Артиллериялық бригаданың қаруы болып табылатын «МСТА-Б» гаубицалары 25 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан нысанды жоюға арналған. Калибрі 152 мм, «МСТА-Б» гаубицалары артиллериялық бригаданың қару-жарағы болып табылады. 7 адамнан тұратын зеңбірек есептобы 3 минутта қаруды ұрыстық әзірлікке келтіруге және қарсыласты жою­ға кірісуге қабілетті. Ату жылдам­дығы – минутына 8 снаряд. Зең­біректің салмағы – 7 тонна.

Ал С-300-дің әуедегі нысана­ларды 300 км. қашықтықтан жою­ға мүмкіндігі бар, бір кешен бір мезгілде 6 нысананы алып жүреді және 12 басқармалы-зениттік зымырандарды бағыттай алады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің дәл осы ең жетілдірілген құралдары Астана қаласы әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

«Штурм-С» кешені көпны­са­налы жеңіл сауытты тартқыш негізінде 5 км. қашықтыққа дейін қалыңдығы 56 см. болатын сауытты тесіп өтіп, қарсыластың сау­ыт­ты техникасын талқандайды. «Штурм-С» артиллериялық брига­да­лардың танкке қарсы диви­зиондарының қару-жарағы болып табылады.

«Точка-У» тактикалық-зымы­ран­дық кешені де бүгінгінің өте қуат­ты қаруы. Ол 120 км. қашық­тықтағы қарсыластың маңызды нысандарын қирата алады. Бір жіберу құрылғысының жалпы салмағы 18 тоннаны құрайды. Қуатты агрегаттары мен қару-жарақ кешені жаңғыртылған БМП-2-нің кез келген жағдайда, соның ішінде шөлді және таулы жерлерде, сондай-ақ, қарсыластың үздік­сіз атыс жүргізуіне қарсы пай­­далану үшін тактикалық-тех­ни­калық мүмкіндіктері мол. Аталған машина 30 мм. авто­мат­ты зеңбірекпен, танкке қар­сы бас­қа­рылатын зымырандар­мен және оқша­шармен жарақтан­ды­рыл­ған. Жаяу әскердің жауын­герлік маши­насы өз қару-жарағы­мен жер үс­тіндегі, сонымен қатар, әуе ныса­на­ларын жоя алады. БМП-2 су бөгеттерінен жүзіп өтуге де қа­білетті. Ұрыс даласында жаяу әс­кердің жауынгерлік машина­лары – мотоатқыштар және десант­тық бөлімшелердің сенімді қорғаны.

Әскери шеруде «Тигр», «Фе­дерал», «Урал-4320», «Ленд Ровер», Sandcat сынды заманауи авто­машиналар да жүріп өтті. Бұлар­дың арасындағы «Ленд Ровер» арнайы тапсырылған міндет­терді орындау үшін радио­ар­налар арқылы берілетін түрлі ақпараттарды шифрлауды қамта­масыз етеді. Ал Sandcat – тапсырма орындау барысында сағатына 160 шақырым жылдамдықпен жүре алатын жүрдек бронды машина.

Әскери шеруде радио байланыс стансалары – Р-417, Р-414 және әмбебап жедел байланыс кешені де жұрт назарын өзіне аудара білді.

Механикаландырылған лек қозғалысын «Да Винчи» және «Скайларк» ұшқышсыз ұшатын аппараттары жалғастырды. Салмағы 10 килодан аспайтын ұшқышсыз ұшу аппараттары, 40 км-ге дейін жерден оператордың басқаруымен, 10 шаршы км.-ден артық аумаққа бақылау жүргізе алады. Бұл кешендер әуе барлауын жүргізуде таптырмайды. Заманауи қуатты электронды аппаратура жердегі жекелеген адамдарды көріп, операторға бейнені нақты уақыт режімінде бере алады. Олар аэродромдар және жанармай құю пункттері сияқты қосымша инфрақұрылымдарды қажет етпейді, сондай-ақ, жердегі радарларға көрінбейді.

Шеру көк жүзіне Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары мен ұшақтары көтерілгенде басқаша сипатқа ауысты, дәлірегі – парад қыза түсті. Жұртшылық көк жүзіне көз жіберді.

Әскери-көліктік және армия авиациясының Су-25, Су-27, Су-30, МиГ-29, МиГ-31, МиГ-27, Ан-26, Ан-72, Ту-134, Ту-154, С-295 ұшақтары, сондай-ақ, Ми-8, Ми-17, Ми-171, Ми-26, К-32 және ЕС-145 (Еурокоптер) тікұшақтары көк жүзіне самғауы парадтың салтанатын асырды. Бұл арада ерекше атап өтерлігі, парадқа Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет ел Әскери-әуе күштерінің сапын толықтырған 4++ буынына жататын жаңа жоғары маневрлі Су-30МС жойғыш ұшағы қатысты. Әскери ұшқыштар ерекше қиын әуе қимылдарын жекелей және топпен бірге көрсетті.

Көктегі шеруге Қазақстан Әуе қорғаныс күштерінің бас қол­басшысы, генерал-майор Нұрлан Орманбетов басшылық жасады.

Парадтың әуедегі бөлігін Қа­зақстан Әуе қорғаныс күш­терінің Ми-17 әскери авиация тікұшақтары бастады. Авиациялық ұшуларды Қазақстан Әскери-әуе күш­терінің қолбасшысы, генерал-майор Дәурен Қосанов басқарды. Ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын алып ұшу құр­меті авиациялық база коман­дирі, ұшқыш-мерген, полковник Нұрлан Байдуллаевқа бұйырды. Сол сияқты, Қазақстан Қарулы Күштерінің туын звено командирі, 1-сыныпты ұшқыш, майор Айбек Ержанов көкте желбіретті.

Алаң үстінде зулаған армиялық авиацияның көп мақсатты Ми-8 тікұшақтары да шеруді сәтімен жалғады. Бұл топқа эскадрилья командирі, 1-сыныпты ұшқыш, подполковник Нұрбол Сәлімбаев басшылық жасады. Негізінде армиялық авиация ұшқыштары барлық оқу-жаттығуларға үнемі қатысып, жауынгерлік міндеттерді атқаруға, соның ішінде Құрлық әскерлерінің бөлімшелерімен бірлесіп те іс-қимыл жасауға әзір екендіктерін көрсетіп жүр.

Өз кезегінде аспанда жөңкіген отандық заманауи ЕС-145 (Еуро­коптер) тікұшақтары да парадтқа ерекше әр берді. Бұл ұшу тобына звено командирі, майор Марат Байғалиев жетекшілік етті. Бұдан соң көктегі шеруге Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қыз­меті авиациясының Ми-171Ш тікұшақтары үн қосты. Топты 1-сыныпты ұшқыш, полковник Мұрат Қаушенов бастап шықты.

Тікұшақтардың экипаждары барлау, іздеу-құтқару міндеттерін атқарып, шекара маңындағы аумақтарды бақылайды, шекара бұзушыларды іздеп, жеке құрамды, қару-жарақ пен әскери техниканы жетуі қиын шөл және таулы аймақтарға жеткізеді. Сондай-ақ, Ми-171Ш Каспий теңізінің су айдыны мен биоресурстарын қорғауға пайдаланылады.

Бұлардың ізімен Ка-32 және ЕС-145 тікұшақтар тобы ұшып өтті. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты бұл ұшақтар іздеу-құтқару жұмыстарында, жедел дәрігерлік көмек көрсетуде, гуманитарлық жүктер тасуда қолданылады. Бұл ұшу тобына Бақтияр Сүлейменов жетекшілік етті.

Аталған министрліктің авиациясы сапындағы Ми-26 әскери-көліктік тікұшақтары да Астана аспанына көтерілді. Тікұшақтарды Талғат Тәжікбаев пен Владимир Рожковтың экипаждары басқарып келді. Ми-26 зардап шеккендерді апат орын алған жерлерден жедел эвакуациялау және ауқымды құтқару операцияларын жүзеге асыруға қолданылады.

Ендігі кезек әскери ұшақтарға келіп жетті. Парадты одан әрі қыздыра түскен әскери-көліктік және әскери жойғыш Ту-154, Ту-134, Су-27, Су-25, Ан-12, Ан-72, Ан-74, Ан-26, Си-295, Су30СМ, Су-27, Су-25, МигГ-31, МиГ-29 ұшақтары салтанатты ше­ру­дің мән-маңызын арттыра түсті. Әсіресе, Су-27 жойғыш ұшақ­тары аспан әлемінде «70» санын екі жағдайда бедерлегені көптің көңілін тоғайтты.

Әскери парадты Қазақстан Рес­публикасы Қорғаныс минис­тр­­лігінің, Ұлттық ұлан мен Мем­лекеттік күзет қызметінің музыканттарынан құралған біріккен әскери оркестр аяқтады. Оған Президент оркестрінің бастығы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Талғат Бердіғұлов жетекшілік жасады.

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан».