• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2015

«Мәңгілік Ел» – ең қуатты мемлекет

485 рет
көрсетілді

Шымкентте «Мәңгілік Ел – жал­пы­қазақстандық бірегейлік негізі» тақырыбымен Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XVIII сессиясы өтті. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов төрағалық   еткен сессия жұмысына Парламент Мәжілісінің депутаты Р.Халмұрадов қатысты. Асқар Мырзахметов талайлы тағдырында талай нәубетті басынан кешіріп, бүгінде мықты мемлекеттердің санатынан ойып орнын алған мемлекетіміздің бүгінгі жағдайын саралай келіп, облыс жұртшылығын Қазақ хандығының 550 жылдығымен және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жыл­ды­ғымен құттықтады. 2015 жыл ел тарихында елеулі орын алатын айтулы оқиғаларға толы. Бұл Ассамблея жылының елдің бір­лігі мен ынтымағына үлес қосып жүрген сіздер үшін маңызы зор. Елбасы 5 институттық ре­форма аясында 100 нақты қадам Ұлт жоспарын жариялады. Ха­лық өмірінің барлық саласын  қам­титын 100 нақты қадамды іске асыру қоғам мен мемлекетті қайта қалыптастыруға бағытталған, деді Парламент Мәжілісінің депутаты Р.Халмұрадов. Сессия барысында Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыстық ҚХА хатшылығының мең­ге­рушісі М.Қалмұратов және облыстағы бірқатар этномә­дени бірлестік өкілдері сөз сөй­леді. Сессияда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шеші­мімен ел бірлігін нығайтуға, мәде­ниет­аралық үнқатысуды және қазақ­стандық патриотизмді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бiрлiк» алтын медалi» Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсер­баев­қа берілді. Облыстық мәслихат депутаты Б.Нишанкулов «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталса, «Эластополимет» АҚ директоры М.Коростелева мен облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі Я.Сапаеваға Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасы тапсырылды. Өңірдегі этностар арасындағы достықты нығайтудағы еңбегі үшін «Айғақ» ЖШС бас директоры Д.Әбіш, Түлкібас аудандық славян этномәдени бірлестігінің төрағасы С.Скляров, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары А.Темірхан, облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы С.Акбердиева, Кентау қалалық этномәдени бірлестігінің төрағасы Х.Абдувалиев, ОҚМПИ проректоры Ж.Қобланов, облыс­тық ұйғыр этномәдени бірлес­тігі төрағасының орынбасары Т.Му­хаметов облыс әкімінің «Бауыр­мал» сыйлығына ие болды. Жиында Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының XVIII сессиясына қатысушы оңтүс­тік­қа­зақ­стан­дықтар үндеу қабылдады. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». ШЫМКЕНТ.