• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2015

Қарыз алып... қашып жүр

400 рет
көрсетілді

«Қарыз күліп барып, жылап қайтады» дейді халық даналығы. Соңғы кездері банк­терден несие алып, мезгілінде қайтар­майтындардың «Алаған қолым, береген» дегенді қаперден шығарып алуы жиі кездесуде. Сондықтан жолаушылар автобустарындағы монитор­лардан банктерге қарызы бар ақтөбелік­тердің фотосуреттері көрсетіле бастады. Арала­рында ұл-қыздарына алимент төлеу­ден бас сауғалап жүрген қашақ әкелер де бар. Облыстық әділет департаменті баспасөз қызметінің маманы Алиса Ама­нованың хабарлауынша, қала аума­ғында жолаушы тасымалдайтын автобус­тарда борышкерлердің аты-жөні ғана емес, фотосуреттерін де көрсетуге барудағы мақсат – олардың ұятын ояту болмақ. Борышкерлердің жалпы саны 15 адам. Олардың барлығы банктерден несие алып, өтеуден жалтарып жүрген көрінеді. Борышкерлер еш жерде жұмыс істемейді және несие рәсімдеген кездегі мекен-жайларынан қоныс аударған, қазір тұратын мекен-жайлары белгісіз. Сондықтан, сот орындаушылары қолда­рында бар ақпаратты автобустарда таратып, борышкерлерді осылай ұялтуды шешкен. Банкке қарыз ақтөбеліктердің көшін Ақтамақ Көптілеуова есімді азаматша бастап тұр. Оның банк алдындағы қарызы 1 миллион теңгеден асқан. Қазір облыста ел аумағынан шығуға уақытша шектеу қойылған 12 394 борышкердің жалпы қарызы 30 660 286 699 теңгені құрайды екен. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.
Соңғы жаңалықтар