• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2015

Экономикалық дағдарыс құбылыстары бірлесіп еңсерілмек

411 рет
көрсетілді

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың және Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің кездесуі болып өтті. Елбасы осы кездесу үшін Астанаға келген Александр Лукашенко және Владимир Путинмен осының алдында екіжақты кездесулер өткізіп, онда екіжақты қатынастардың мәселелерін талқылаған болатын. Бұл жөніндегі хабарлар газетімізде жеке берілген соң бұған тоқталып жатпаймыз. Ал үшжақты кездесу барысында мемлекеттер басшылары өзара сауданы және үш елдің экономикалық өзара ықпалдастығын арттыру мәселелерін қарастырды. Бұдан бөлек, президенттер әлемдік экономикадағы үрдістердің дамуын, сондай-ақ, Украинадағы қазіргі орын алып отырған жағдайды талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев дағдарыс көріністері тұрғысынан әлемдегі қазіргі ахуалды талқылау үшін бұл кездесудің маңыздылығын атап өтті. – 2007-2009 жылдардағы дағдарыс жаһандық сипатта болған еді, ал қазіргісі өңірлік бағыт алып отыр және энергия ресурстары мен біз өндіріп жатқан тауарлар бағасының төмендеуінен туындады. Біз мұндай қатердің боларын болжадық, ендігі міндетіміз – бірлескен шаралар әзірлеп, осы кезеңнен сәтімен өтіп шығу, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, өзге елдерге де әсерін тигізіп отырған Украина дағдарысына қатысты пікір алмасу қажеттігіне тоқталды. Қазақстан Президенті бағыт-бағ­дарды өзара үйлестіріп, перспективалы мәселелерді талқылап отыру үшін жиі және тұрақты кездесулер өткізудің маңыздылығына назар аударды. Беларусь және Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаевқа Астанаға ша­қырып, көзделген мәселелерді тал­қылауға мүмкіндік жасағаны үшін алғыстарын жеткізді. Мұнан кейін Қазақстан Респуб­ли­касы, Беларусь Республикасы және Ресей Федерациясы президенттері кез­десуінің қорытындысына арналған бірлескен брифинг өткізілді. Алдымен сөз бастаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үш ел экономикасының биылғы дамуы бұ­дан арғы ықпалдастықтың мәсе­ле­лерін егжей-тегжейлі қарастыруды және туын­дайтын проблемалар мен  мәсе­­ле­лер­ді шешуді қажет ететінін атап өтті. – Бұл ретте экономикаларымыздағы дағдарыс құбылыстарын еңсеру жөніндегі іс-қимылдардың бірлескен жоспарын әзірлеу маңызды болып отыр. Бүгінгі кездесу нақ осы тақырыпқа арналды. Қазіргі дағдарыс өңірлік және әлемдік болып табылады. Оның туындауына біздің энергия тасымалдаушылар мен тауарларға бағаның күрт төмендеуі әсер етті. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық одақта да тауар айналымы төмендеді. Біз мұндай тәуекелдер болуы мүмкін екенін білдік. Біз сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға уағдаластық. Үкіметтерімізге өзара сауда өсімін қайта жаңғырту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырдық. Менің ойымша, 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақ үшін үлкен тәуекелдер мен сын-қатерлер бар. Сонымен қатар, біз бүгінгі кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға уағдаластық. Үкіметтерімізге өзара сауда өсімін қайта жаңғырту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырдық, – деді Қазақстан мемлекетінің басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев осы басқосуда Украинаның оңтүстік-шығысындағы қақтығысты реттеу мәселесі де талқыланғанын айтып өтті. – Бұл мәселе жөнінде мемле­кет­тері­міздің әрқайсысының ұстанымы белгілі. Біз мәселеге нақты қараймыз. Украинада қалыптасқан ахуалдан дипломатиялық жолмен шығу қажет,  бұл мәселе әскери жолмен шешімін таппайды. Осы орайда, қабылданатын кез келген шешім іргелі халықаралық құқық қағидаттарына негізделгені маңызды. Біз Украинаның тұрақты, тәуелсіз және аумағы біртұтас мемлекет болып қалуына мүдделіміз. Қазақстан Минск келісімдерін және қол жеткен уағдаластықтарды барлық тараптың орындауын қолдайды, – деді Қазақстан Президенті. Өз кезегінде Ресей Президенті Вла­димир Путин мемлекеттер басшылары осы басқосу барысында өзара қарым-қатынастардың кең ауқымды мәселелерін талқылағанын жеткізді. – Біздің елдерімізді сауда және ин­вес­тициялық тығыз байланыстар біріктіреді. «Үштіктің» ІЖӨ-сінің жиынтық көлемі ТМД-ның жалпы өнімінің 85 пайызын құрайды. Біз орасан өндірістік жә­не ғылыми әлеуеті бар ірі нарық қалып­тастырудамыз. Ресей Қазақстан мен Бе­ларусьтің сыртқы саудасында бірін­ші орын алады. Өткен жыл қорытын­дысы бойынша Ресейдің осы екі елмен тауар айналымы 60 миллиард долларды құрады. Ал Беларусь пен Қазақстан Ресей Федерациясының сауда теңгерімінде үшінші орынды иеленіп отыр, – деді В.Путин. Ресей Президенті үш елдің өнер­кә­сіптік-технологиялық кооперация, машина жасау, ғарыш және энергетика салаларындағы байланыстары нығайып келе жатқанына назар аударды. Владимир Путиннің мәлім еткеніндей, келіссөздер барысында Украинадағы ахуал жөнінде де әңгіме болды. – Қазақстан мен Беларусь прези­дент­терінің бұл проблеманы реттеуге белсене қатысқанын атап айтқым келеді. Минскіде қол жеткен келісімнің арқасында қарулы қақтығысты ушықтырмаудың мүмкіндігі туды, – деді Ресей Президенті. Беларусь Республикасының Прези­денті Александр Лукашенко өз сөзінде осы кездесу барысында үш елдің өзара ықпалдастық бағыты, сондай-ақ, орнықты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында сауда, ақша-несие және басқа да салаларда қабылдануы қажет шаралар талқыланғанын айтты. – Бұдан арғы іс-қимылдардың бар­лық бағыттары бойынша ұстаным­дардың сәйкес келуі біздің кездесуі­міздің қорытындысы болды. Біз сауда-экономикалық ынтымақтастықты әлемдік конъюнктураның жаңа жағдай­лары мен елдеріміздің экономика­ларындағы қазіргі ахуалды ескере отырып дамыту үшін қосымша шарттар қалыптастыру жөнінде нақты қадамдарды белгіледік, – деді Беларусь Президенті. Осы күні Қазақстан, Ресей және Бе­ларусь президенттері Астанадағы Назарбаев Орталығында болды. Мемлекеттер басшылары мұнда «Әлемді өзгертетін идеялар» интерактивті білім беру орталығының жұмысымен танысты. Астана қаласының мектеп оқушылары мен жоғары оқу орындарының сту­дент­тері үш елдің көшбасшыларына Қазақ­стан халқы Ассамблеясы және «Бола­шақ» халықаралық стипендиясы сияқты бірегей жобалар туралы, сондай-ақ республиканың стратегиялық даму бағдарламалары жөнінде айтып берді. Сонымен қатар, Владимир Путин мен Александр Лукашенкоға екі бөліктен тұратын электронды кітапхана таныстырылып, оқырман билеттері табыс етілді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.