Адамзатқа ортақ Наурыз мейрамын сән-салтанатпен қарсы алу қоғамымызда үйлесімді үрдіске айналғаны көңіл қуантады. Халықтың ыстық ықыласына бөленген осынау мерекені елге етене «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымы да жыл сайын шынайы пейілмен, ақ ниетпен тойлауды дәстүрге айналдырған. Міне, биыл да өз кезегімен келіп жеткен айтулы мейрамды «Егемен» кеше кешке жарасымды түрде атап өтті.
Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған шараны «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов өзінің құттықтау сөзімен ашты. Осынау мейрамның адамзаттың рухани өмірінде алатын орнына, оның мән-маңызына тоқталған ол газет ұжымының Әз Наурызды лайықты дәрежеде қарсы алып отырғанын жеткізді. Бұдан кейін мерекелік шара газет қызметкерлерінің шағын концерттік бағдарламасымен жалғасты. Ән айтылды, күй төгілді, би биленді. Әсіресе, үлкендер жағының ақжарма көңілмен айтқан бата-тілектері мерекенің шырайын келтірді.
Наурыз мейрамы құтты болсын, ағайын!
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.