ПЕТРОПАВЛ. 8 мамыр. Білім және ғылым министрлігінің республикалық “Дарын” ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйымдастыруымен өткен “Дарынды оқушыға – талантты ұстаз” атты халықаралық педагогикалық олимпиада өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар белгілі болды. Бұл туралы облыстық білім басқармасы хабарлады.
Биылдан бастап халықаралық мәртебе алғанбеделді байқауға Қазақстанның барлық өңірлерінен және Ресейдің Қорған, Омбы облыстарынан 270-тен астам үміткер қатысып, жүзден озған жүйріктер 8 аталым бойынша жеңістің ең биік тұғырына көтерілді.
Екатерина Минеева /Рудный/ «Жаңашыл ұстаз», Роза Тұраева /Астана/ «Үздік психолог», К. Дүтбаев атындағы Атырау гуманитарлық колледжі «Жас таланттар», Жанар Әубәкірова /Ақмола облысы/ «Жас психолог», Әділжан Бөкенбаев /Қостанай/ «Өз ісінің шебері» аталымдарына ие болды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының, Ресейдің Омбы қаласының олимпиадашылары да көріне біліп, әртүрлі дәрежедегі дипломдармен марапатталды.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық білім басқармасы.