КӨКШЕТАУ. 8 мамыр. Агломерациялық аймақтағы Аршалы ауданында жұмыссыздық деңгейі азайып келеді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданда жұмыспен қамтылғандардың көрсеткіші 90 пайызды құрап, 2013 жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға артты. Ал, биылғы жылдың басынан бері өңірде бірде бір адам жұмыссыз ретінде ресми тіркелмеген.
«Өткен жылы 412 адам жұмысқа орналастыру жөнінде көмек сұрап жүгінген еді. Есесіне 415 жаңа жұмыс орнын құра білдік (270-і кәсіпкерлік, 132-сі ауыл шарушылығы саласында). Халықты еңбекпен қамтуда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының рөлі зор. Аталған бағдарлама бойынша барлығы 103 жаңа жұмыс орны ашылды», дейді аудандық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Гүлзада Жекебаева.
Мемлекеттік бағдарламаны дұрыс үйлестіре білудің арқасында жұртшылықты жұмыспен қамту белсенді сипат алуда. Мәселен, бағдарламаның бірінші бағыты бойынша 35,3 миллион теңгеге жастар орталығы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Екінші бағыты бойынша 19 адам өз кәсібін ашу үшін барлығы 53 миллион теңгенің шағын несиесіне қол жеткізді. Осының нәтижесінде 32 жаңа жұмыс орны ашылды. Шағын несие алғандардың арасында 3 топтағы мүгедек азамат бар екен.
Ал, үшінші бағыт бойынша 46 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілсе, 24 адам жастар тәжірибесінен өтті. Сондай-ақ, 7 адам қайта даярлықтан өтіп, 3 адам кәсіби білімін шыңдаған.
Қазіргі таңда ауданда 214 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Олардың барлығымен ұжымдық келісім-шарт жасалған.
Бақберген Амалбек.
Дерек, сурет: egemen.kz