ПЕТРОПАВЛ. 8 мамыр. Қазақ күресінен «Қызылжар барысы» атағын иелену үшін Петропавл қаласы мен аудандардан үкілеп қосқан ең мықтылары күш сынасып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге облыс әкімінің арнайы жүлделері табыс етілді. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Іріктеу турының екі кезеңі бойынша бір мыңға жуық балуандардың арасынан ақтық жарысқа 32-і суырылып шықты. Белдесулер ә дегеннен тартысқа толы болды. Боз кілемге бірінші болып петропавлдық Ерік Құлжанов пен аққайыңдық Нұрсұлтан Әбішев көтерілді. Салмақтары қарайлас болғанымен, Ерік ұпай санымен жеңіске жетті. Уәлихановтық Алтынбек Аусағитов петропавлдық Манас Абуовты тізе бүктірді.
4 сағатқа созылған белдесуде ақтық жарысқа жолдама алған балуандардың аты-жөндері белгілі болды. Петропавлдық Дәурен Есләмов шалақындық Қайырбек Батырханды ұтып, үшінші орынға табан тіреді. Тағы бір петропавлдық Рүстем Жұмаев Жамбыл ауданының өкілі Төлеген Жетпісбаевты таза жеңіп, «Қызылжар барысы» атағын үшінші рет қанжығасына байлады.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі.