Қостанай облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIII сессиясы өтті. Оның жұмысына облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов, оның орынбасары Мұрат Дәрібаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпова, этномәдени бірлестіктердің мүшелері және жұртшылық өкілдері қатысты.
Сессияда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында берген тапсырмаларын жүзеге асыру және ХХІІсессияда алға қойған міндеттері қаралды. Сессия қонағы Зухра Саяпова Қазақстанның дамуына тірек және серпін берер басты күш – халықтың бірлігі, достығы екенін атап айтты.
Қостанай облысында өңірдегі татулық пен бірліктің жандануына үлес қосып отырған 18 облыстық және қалалық, 60 аудандық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың мақсаты ұлтаралық және конфессияаралық түсіністікті сақтауға үлес қосу болып табылады. Соған сәйкес, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің жоспарын қалтқысыз орындап келеді.
Сессияда баяндама жасаған облыс әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев өңірде түрлі ұлт-ұлыстардың, облыс өңірін жайлаған барша халықтың тату-тәтті бірлігі үшін кең көлемді жұмыстар жүргізіліп, шаралар өткізілетінін тілге тиек етті. Бұл орайда облыстық Ассамблея жанындағы ғылыми-сараптау тобының мүшелері, этномәдени бірлестіктер жетекшілері айтарлықтай жұмыс атқарып отыр.
Сессияда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері бекітілді. Олардың жұмысына Нұралы Сәдуақасов табыс тіледі. халық достығының, қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмнің нығаюына үлес қосқандарға Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 20 жыл» мерейтойлық медалін, облыс әкімінің грамотасын табыс етті. Сондай-ақ, Зухра Саяпова лайықтыларға Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай.