Таутүргеннің тау тұлғалы азаматы Сәрсен Әбдіхалықов туралы сыр
1945 жылғы 24 маусым... Мәскеудің Қызыл алаңында Жеңіс шеруі басталмақ. Оған қатысатын 40 мың адамның ішінде барлығы 270 жауынгерден іріктеліп, ерекше сипатта құралған ерекше бір топ тұрды. Солардың орталарында 22 жастағы қазақ жігіті, сержант Сәрсен Әбдіхалықов жүрді...
Осы арада назар аударатын бір жайт бар. Жеңіс шеруіне қатысу мәртебесі даңқы асқан сан мыңдаған майдангерлердің арасында да екінің біріне бұйырмаған құрмет. Ең алдымен шеруге қатысатын солдат пен сержанттың, офицердің кеудесінде ең кем дегенде екі жауынгерлік ордені, бойының ұзындығы 182 сантиметр болуы міндетті деген шарт қойылған. Сондай-ақ, сарбаздың қай майданда соғысқанының да маңызы ескерілген-ді.
Сержант Сәрсен Әбдіхалықовтың бойынан бұл талаптың барлығы табылды. Ол соғысты қорытындылайтын Жеңіс шеруінде мотоциклшілер тобының командирі ретінде трибунадағы И.В.Сталин бастаған майдан қолбасшыларына сәлем беріп өтті. Сапқа алты қатардан 90 мотоцикл тұрып, әр мотоциклге командир жүргізуші және атқыш солдат отырғызылды. Ауыр техника мен жаяу әскер құрамында Қызыл алаңды дүрілдетіп өткендер арасында қаншама қазақтың баласының болғаны да ақиқат шындық! Бірақ, Сәрсен мотоциклмен топ бастап өткен жалғыз қазақ екені бұлтартпас ақиқат. Оның есімі Ұлы Отан соғысының тарихына осылайша өшпестей етіп жазылып қалды.
...Алматы облысының Түрген педагогикалық училищесінде оқып жүрген бозбала еді. Фрунзе қаласында жасақталған 40-шы атқыштар бригадасының құрамында 1941 жылдың 6 желтоқсанында бірден Мәскеуді қорғау шайқасына түсті. Мұздай қаруланған неміс фашистерін Мәскеу түбінде мылтық жетіспеген кеңестік солдаттар жанармай құйылған шөлмектермен қарсы алды. Теңдессіз сұрапыл шайқастан соң 600 солдаттан тірі қалған 36-сы топырақтан аршылып алынды. Арасында қазақ солдаты Сәрсен Әбдіхалықов та бар болатын.
Басына, иығына оқ тиіп, тобығын қорғасын тескен Сәрсен Әбдіхалықов далалық госпитальдан шыққан бойда 1942 жылдың 24 тамызында қан майданға қайта сүңгіп кетті. Бұл жолы Ржев топалаңына кірді. Екінші рет ауыр жараланып, қайтадан госпитальға түсті...
Онда жатқан ол сауыққандай болып, қатарға тұрғанда қаһарлы 1943 жылдың қақаған қаңтары да келіп қалған. 22-армияның 64 атқыштар полкы жауынгерлерінің сапында Калинин майданына кірді. Танкке қарсы оқ ататын (ПТР) бөлімшенің командирі Сәрсен Әбдіхалықов бұл майданда да нағыз ерліктің үлгісін көрсетті.
1944 жылдың 4 наурыз күні Ново Ржев қаласын азат ету үшін нағыз қиян-кескі соғыс жүріп жатты. Осы от кешуде сержант Сәрсен Әбдіхалықов үшінші рет ауыр жарақат алды. Бұл жолғы алған жарақаты шын мәнінде ауыр болды. Бөлімше командирі дала госпиталінде ұзағырақ жатып қалды. Ол қайта сапқа тұрғанда, соғыстың да беті бері қараған. Госпитальдан шыққан Сәрсеннің кеудесі орден-медальға толды. Өйткені, көзсіз ерлік жасаған жауынгердің соңынан марапаттары қалмай ілесіп, келіп жататын. Майдан даласына сұранған жаужүрек сержантты, әскери басшылық Кеңес елінде жасақталған поляк жауынгерлерін әскери жабдықталған мотоциклге үйретуші ретінде нұсқаушылық қызметке жұмсады. Бұл істің де идеологиялық маңызы зор екені түсіндірілді. Содан соғыс аяқталған тұста Мәскеудегі Жеңіс шеруіне қатысуға барлық мәліметтері сақадай-сай келген Сәрсен Әбдіхалықов мотоциклшілер құрамында топ бастап жүру құрметіне ие болды.
Сонда ғой, жалын жүректі қазақ батыры қан майданда басынан кешкен барлық қайғы-қасіретті салтанатты шеру үстінде бір сәтке болса да ұмытқандай күй кешкені. Бірақ, жүрекке сызат салған зұлмат соғыс зардабы санадан еш өшпейді екен. Омырауында ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденінің екеуін қатар таққан, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерлігі үшін» медальдарының иегері тарихи сол шеруден соң, туған еліне қайтты.
Ауыр жарақатына қарамастан, үнемі майданның алғы шебінде болған ІІ топтағы соғыс мүгедегі бейбіт өмірдегі еңбек майданында 40 жылдан астам мектепте жас ұрпаққа сапалы біліп, саналы тәрбие берді. Ұзақ жылдар еткен еңбегі мадақталған мектеп директоры Сәрсен Әбдіхалықов Еңбекші қазақ ауданының құрметті азаматы атанды. Таутүргеннің тау тұлғалы азаматы жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерлік еңбегі «Қазақ КСР оқу ісінің үздігі» атағымен бағаланды. Ғылым докторлары мен бірнеше әскери генералдар, спорт шеберлері мен сансыз еңбек майталмандарын тәрбиеледі. Ұлағатты ұстаздың барша шәкірттері мен жерлестері майданда да, бейбіт еңбекте де нағыз қайсарлық пен табандылықтың шынайы үлгісін көрсеткен Сәрсен Әбдіхалықов есімді ұстаздарының есімін ешқашан да ұмытпақ емес! Сәрсен ағаның есімін құрметтеп, сан жылдар өзі дәріс берген мектепке атын беру туралы ұсыныс жасаған жерлестері, Жеңіс мерекесі салтанат құрған күндері: «Аяулы ардагер ағаның жас ұрпаққа әркезде де айтары бар еді-ау...» деп шынайы сағынышпен ықыласын білдіріп жатады.
Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.