• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Мамыр, 2015

Соғыс және ән

450 рет
көрсетілді

СОҒЫС және ӘН (Сұрапыл кезеңнің сәттері) Әрине, ұлы ерлік майданда жасалады ғой. Бүгінгі Жеңіс мерекесін айтқанда, алдымен сол майданға аттанып, жау­мен жағаласқан әкелеріміз, ағаларымыз ойға оралады. Олардың ерлігі туралы да аз айтылмаған, аз жазылмаған. Бүгін соны еске аламыз. Ал өзіміз куә болған ауылымыздың өмірі де көңілімізде сайрап тұр. Ауылымыз сұрапыл қиындықты бастан кешті. Сонда да елдің еңсесі түскен жоқ. Қайғыға батып жүрсе де, халық ән-жырын ұмытпаған еді. Сол басқа түскен қиындықты адамдар сол ән-жырмен жасқағандай көрінеді де тұрады. Алтыбақан Соғыстың басылар түрі жоқ сияқты, бірақ елдің көңілі көтеріле бастады. Майдан жақтан анда-санда үшбұрышты хат келеді. Кейбір тірі жүрген жауынгер ағаларымыз: «Жауды қуып барамыз, пәленбай қаланы азат еттік, көрші елдерді құтқардық, фашистерді жеңдік!» – деп елді сергітіп, болашаққа үміт арттырады. Халық жоқшылыққа шыдап, өмір алға жылжып жатты. Кешегі әскер қатарына жасы жетпеген жеткіншектер жігіт, бозбала бола бастаған. Демалыс, мейрам күндері, қолдары босап, алтыбақан құрып, көңіл көтеріп, құрбыларымен ойнап-күліп, қызықтайды. Тербетіледі, ән шырқайды, әртүрлі ойындар ойнайды. Біз, балалар шөпшек, тезек жинап, от жағып қоямыз. Алтыбақан босаса, біз де тербелеміз, қайбір күндері ойын-сауық таң атқанға дейін созылып, сол жерде шапанымызды жамылып, ұйықтап қалатын едік. Кейбір мереке-мейрам күндері алтыбақанға орыс көршілер де келетін. Олар келсе, тіпті қызық, жеке би билеп, частушка айтып, кей кезде қазақшаға да ауысып кететін: «Әй, Өмірзақ, неге тұрсың қайқайып, Бері келші, биге шықшы, Бір азырақ шайқайық». Өмекең де қарап тұра ма, таяғын домбыра ғылып: «Ой, Маруся! Сені көрсем көңілденем, Сені бар ғой, ежелден-ақ сүйемін, Жақындауға қорқамын, Қызғанады күйеуің» – деп өлеңмен қағысып қалатын. Біраз, жеке биден кейін: – Ал, Вася, бастап жібер, – дейді. Біз «дядя Вася» деп атаушы едік. Соғыстан келген, бір аяғы кем, өзі жасап, байлап алған ағаш аяқ болатын, мұрнының ұшы да жоқ еді. Өзі еңбекқор адам болатын. Есегін екі дөңгелекті арбаға жегіп, өзеннің бойына бақша егіп, шөп шауып, тасып, тыным көрмейтін. Ешкімге ілігін артпай, күнкөріс қамын өзі тындырып жүретін. Дядя Вася үйінен ала келген аласа орындығына жайғасып, «Амур толқындары» вальсін шалқытып, жиналған жұрт билеп, көпке дейін тарқамаушы еді. Кейін біз ержеткен кезде де кеше соғыстың ауыр күндерінде жанымызды жадыратқан сол алтыбақанның басына жиналып, талай-талай қызық дәуреніміз сол жерде өтті. Бізден кейінгі жас жеткіншек-жастар, сол жерде жиналып, ойнап-күлетін, домбыра, гитараларын, магнитофондарын алып келіп, думандататын. Біздің ауылды бертін келгенше «Алтыбақан ауылы» деп атап жүрді. Кейіннен автобус жүргенде аялдаманы да «Алтыбақан» деп атап, адырайтып жазып қойып еді. Арада көп жыл өткенде, кейін бір күні өзіміздің ауылға келсем, шау тартқан ағаларымыз жиналып, қызыл қарағайдан алтыбақанды қайта құрып жүр. –Бұрын біз құрған алтыбақан тозды, арқан-жібі үзіле береді, балалар бұрынғыдай ойнай берсін деп, үлкендер жиналып, берік ағаштан қайта құрып жатырмыз – дейді. – Бақандардың басына темірден құрсау салып, арқанның орнына шынжыр орнатамыз. Елге кейінгі бір-екі жылдың орайында барғанымда, алтыбақанымыз орнында тұр екен, тозайын деген-ау, бір аяғы ақсап, арқаны түрулі тұр.Мұңайып қалдым. Бұл күнде сол соғыс дүрілдеп жүріп жатқанда, елдің көңілін көтеру үшін, еңсесін тік ұстату үшін сол алтыбақанды алғаш құрған менің ағам Олжағұл батыр да, оның құрдастары Ақан, Серікқазы, Орыншайық әнші, жеңгелерім Мәрзия, қалжыңбас Бикен де жоқ. Көңіл құлазиды екен, солардың орындарына барып, құран-дұға оқимыз. Осы жуықта елден сәлем бере келген бауырым Бауыржан: –Аға, алтыбақанды қайтадан түлеттік: тозған аяғын, арқанын ауыстырдық, бақандарын түрлі-түсті бояумен бояп қойдық. Жастар жарық құрып, баяғыдай думандатып жүр, – деп сүйінші сұрады. Қуанып қалдым. Қымызхана Жеңіс күнгі қымызханадағы қызық әлі естен кетпейді. «Жеңіс!» деген хабарды естісімен үлкен-кіші, бала-шаға орталыққа қарай жүгірдік. Барлық жұрт осында жиналған. Бірін-бірі құшақтап жатыр. Кешегі ауыртпалықты да, қайғыны да ұмытқандай. Енді басқаша өмір бас­талатындай. Үлкендер сөйледі, азын-аулақ ойын-сауық болды. Содан кейін қымызханаға тарттық. Мұнда да көтеріңкі көңіл-күйде: бірін-бірі құттықтап, біріне-бірі жақсы тілектер айтып жатыр. Үстелдердің үстінде шара-шара қымыз, әйелдер ала келген құрт-май, сүзбе, кейбіреуі нандарын да әкеліпті. Жұрт жайғасып болған кезде: «Ал, Ақтамақ, бастап жібер!» – деп Бәкен гармонын алды да шалқыта жөнелді. Жеңгеміз ашық әдемі даусымен «Ақтамақ» әнін бастап кетті. Қайырмасына бәріміз қосылып, дуылдатып жібердік. Сол кезде «Шилі өзен», «Ақтамақ» әндері жиі айтылушы еді. Біраздан соң біздің жақтың әдеті бойынша «домбыра жылжыту» басталып, жеке-жеке ән айтылды. Әйелдер жағы жеке дауыспен екі-екіден қосылып айтты. Шеткерірек отырған келіншек «Баянауыл басынан бұлт кетпес» деп басталатын арманға толы, өзі сүйетін адамына қолы жетпеген жігіттің әнін айтты. Бұл да жұрттың мұңы еді ғой. Әйелдердің көпшілігі жары майдан даласында шейіт болып, жастай жесір қалған, кейбіреуі айттырып қойған арысы майданнан қайтпай, желек астында қалған мұңлықтар еді. Осы кезде Өмірзақ ағамыз келді. – Ой, Өміш, қайда жүрсің, домбыра жылжытып жатырмыз, – дейді жұрт. Өміш ағамыз сұңғақ бойлы, қыр мұрынды, шашының алды бұйраланып, желке жағы тараққа көнбей тұрушы еді. Өзі көңілді екен: «Бері әкел домбыраны», – деп таяғын сүйей салып (бір аяғы протез еді), домбыраны қағып-қағып жіберіп, «Ал қоңыр» әнін шырқай жөнелді. Кім біледі балалық көңіл шығар, ешкім бұлайша айта алмайтындай көрінетін. Бірінен кейін бірін талай әнді айтты. Сонан соң, Өміш ағамызға Ақтамақ жеңгеміз қосылып, ән шырқады. Енді бұл ұмытылмайтын сәт. Екі ақ маңдай қосылса, шам жанғандай дегеннің өзі. Қымызханада думан толастар емес. Абай әндері айтылды. Термеге ден қойылды. Домбыра жылжып Рымбек ағамызға жетті. Отырғандар тыныштала қалды. Ол бір қолы жоқ кемтар болатын. Домбыраны үстеліне қойды да, жалғыз қолымен шанақты бір қағып, термелерді баса жөнелді. Аяғында домбыраның сүйемелінсіз әнге басты. Жұрт тыныш, кейбір әйелдер жылап жіберді. Сөйтсек, ағайынды екі жігіт соғысқа бірге аттанып, біреуі майданда қаза болып, Рымбек бір қолынан айырылып келген екен. Ол алдындағы қымызын ішті де, сыртқа шығып кетті. Сол күні қымызханада көп ән шырқалды. Соғыстың ауыртпалығы көп болды ғой. Жанға батқан жара да көп болды. Сол жараны халық әнмен жазды. Сол әндер естен кетпейді. Кеше естігендей әсем әуен құлақты жаңғыртып тұрады. Қайырхан ҚАСЕНХАНОВ,зейнеткер. Аягөз – Алматы.