«ViZaVi» өндірістік-сауда компаниясы 10 жылдан бері Қазақстан нарығында жұмыс істеп келеді. Оның алыс-жақын шетелдермен тығыз сауда-саттық қарым-қатынасы үлгі етуге тұрарлық. Біз серіктестіктің бас директоры Лейла САЙДАШОВАМЕН отандық тауарлардың бәсекелестік қарымын арттыру төңірегінде әңгімелескен едік.
– Лейла Равильевна, Елбасы Қазақстан халқына Үндеу арнап, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуымызбен құттықтады. Сонымен қатар, бүгінде сауда-саттығымыздың 90 пайызы ДСҰ-ға кіретін елдерге тиесілі екенін еске салды. Мұның өзі біртұтас кедендік және экономикалық кеңістікте бәсекелестіктің одан әрі күшейе түсетінін білдірсе керек. Еліміздің шағын және орта бизнес өкілдері шетел нарығына халықаралық стандарттарға жауап беретін сапалы тауарлар мен қызмет түрлерін ұсынуға қаншалықты дайын?
– Иә, бұл жеңісімізді Президентіміз аса маңызды тарихи оқиға ретінде бағалап, Қазақстан шетелдік инвесторлар үшін бұрынғыдан да тартымды боларына сенім білдірді. ДСҰ өз артықшылықтарын тегін ұсына қоймайтыны әлімсақтан белгілі. Сондықтан жеңілдіктерін емес, қоятын қатаң талаптарын барынша ескермей болмайды. Десек те, осы жолды қалап алған екенбіз, шегінерге жер жоқ. Бағытымыз айқын, бағдарымыз баянды болу керек. Ол – еркін бәсекелестікті еңсеру, шетелдіктермен тереземізді тең ұстау, есемізді жібермеу. Ендігі басты мақсат ДСҰ беретін артықшылықтарды тиімді пайдалана отырып, жергілікті шикізатты молынан ұқсату, өнімнің өзіндік құнын кеміту, сапасын жоғарылату, қалдықсыз өңдеу саласын ілгерілету, қаржылық ресурстардың қолжетімділігін арттыру, бизнесті жүргізуге билік тарапынан жағдай жасау, техникалық және технологиялық жарақтануды күшейту секілді көкейкесті мәселелерді ауқымды түрде жүргізгенде ғана экспорттық әлеуетімізді дамытуға орасан мүмкіндіктер беріледі.
Кейбіреулер бизнесті әлі күнге дейін дайын өнімді сату деп түсінеді. Осындай қате көзқарас салдарынан кей кәсіпорындарда өндірісті кеңейту, құрал-жабдықтарды жаңғырту секілді проблемалар шешілмей жатады. Толық қуатында жұмыс істемегендіктен, тоқыраушылыққа, жұмыс орындарын қысқартушылыққа ұшырау фактілері кездеседі. Оның соңы банкроттыққа соқтырады. Елімізде мұндай көріністер аз емес. Шекарамыз ашылып, шетелдік тауарлар бері қарай ағылғанда олардың қиналатыны анық.
– Алдымызда сан-салалы ауқымды міндеттер тұр. Бұл орайда, ұлттық мүдделерімізді қалай қорғауға болады?
– Үндеуде «сапасы жоғары болса, бағасы төмендеу болса, ол тауарларды халық тұтынып, біздің тауар өндіретін кәсіпорындар жұмысының тоқтап қалу қаупі бар» деген сақтандыру шаралары текке айтылып отырған жоқ. Осы орайда сапа, бәсекелестік мәселелеріне қатысты өз ойымды білдіре кетсем деймін.
Біріншіден, кез келген тауар өндірушінің бәсекелестікті еңсеруге бағытталған және алдын ала ойластырылған, сұраныс пен тиімділікке негізделген іс-шаралары мен бизнес жоспарлары болуы керек. Кәсіпкерліктің тізгінін алғаш ұстаған жылдары жалдамалы шағын бөлмеде ұн мен қантты килограмдап сатқанымды еш ұмытпаймын. Қазір өндіріс алаңында 130-ға жуық адам кондитерлік өнімдердің 80-ге жуық сертификатталған түрлерін шығарумен айналысады. Тағамдардың сапасы мен құрамы екі зертханалық тексерістен өткізіліп, барлық санитарлық нормалар қатаң сақталады. Сосын барып қана Қазақстанмен қатар Ресейдің бірқатар аймақтарына жөнелтіледі. Ұжымда кәсібіне ысылған, еңбекқор жандар көп. Істі жандандыру үшін банктерден талай мәрте несие алуға тәуекел еттім. Тәжірибемнен кәсіпорын цехтарын ұдайы жаңартып отырудың жөні бөлек екенін ұқтым. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 20 миллион теңге несие алынып, осы заманғы итальяндық жабдықтар орнатылды. Мұның өзі қосымша 60 жұмыс орнын ашуды қамтамасыз етті. Сондықтан «көз – қорқақ, қол – батыр» демекші, алға қойған мақсатқа жеткіміз келсе, тартыншақтаудың, іркілудің еш реті жоқ.
Екіншіден, технолог секілді мамандарға ділгірміз. Біз секілді әріптес кәсіпорындардың сұранысын облыстағы бір ғана оқу орны өтей алмасы анық. Сол себепті алдағы уақытта республикалық мүдделі ведомстволар жас кондитерлер дайындау жайына назар аударғаны дұрыс болар еді.
Үшіншіден, авторлық құқық мәселесі де алаңдатады. Іс жүзінде дұрыс қорғалмайды. Біздің сертификатталған заңды өнімдеріміздің құрамын өзгертіп, нарықтық бағасын төмендетіп, беделімізге нұқсан келтіріп жататын жайттар жоқ емес. Осындай әділетсіздік бәсекелестікке тосқауыл қоймай болмайды. Тұтынушыларды өнімді кімнің шығарғаны болмаса тауарлық белгісі емес, алдымен қолжетімді бағасы қызықтырары анық. Тіпті, көтерме бағамен сатып алып, біздің атымыздан құжаттарды пайдаланып кеткен оқиғалар да кездескен.
Осындай ірілі-ұсақты ішкі кемшіліктер өз шешімін тапса, шетелдіктер сұранымына сай өнімдер мен тауарлар өндіруге толық қауқарымыз жетеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.