АСТАНА. 21 наурыз. Швейцарияның Ньон қаласында Чемпиондар лигасының ширек финалы үшін жеребе тарту рәсімі өтті. Нәтижесінде, Мадридтің қос командасы «Реал» мен «Атлетико» тағы да қарсылас атанып отыр. Сондай-ақ, Париждің ПСЖ-сы «Барселонамен» жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салады. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Сонымен Чемпиондар лигасының ширек финалында мына командалардың ойынын көреміз:
ПСЖ – «Барселона»;
«Атлетико» – «Реал»;
«Порту» – «Бавария»;
«Монако» – «Ювентус».
Ширек финалдың алғашқы ойындары 14-15 сәуірде өтеді. Ал қарымта кездесулер 21-22 сәуірге жоспарланған.
Өткен маусымның финалында «Реал» «Атлетиконы» 4:1 есебімен жеңгені есімізде. Негізгі уақыттың соңғы минутына дейін 0:1 есебімен жеңіліп тұрып, шешуші сәтте ғана Серхио Рамос таразы басын теңестірді. Ал қосымша екі кезеңде Карло Анчелоттидің шәкірттері қарсыластарын жүндей түтті. 90 минут бойы сала алмаған голдарын осы 30 минуттың ішінде қарша боратқан «Реал» ойыншылары нағыз финалға лайық ойын көрсеткен болатын. Қосымша кезеңде Гарет Бэйл, Марсело және Криштиану Роналдулар мергендігімен көзге түсті.
Сол финалдық ойыннан кейін қос команда Испания чемпионаты, Суперкубок және Испания кубогы жарыстарында алты рет кездесті. Соның бірде бірінде «Реал» жеңіске жетіп көрген жоқ. Төрт ойында «Атлетико» басым түссе, екі матч тең аяқталды.
Мадридтің қос командасы еурокубок бәсекелерінде осымен үшінші рет кездесіп отыр. Оның біреуі былтырғы финалдық ойын. Ал алғашқысы 1958-1959 жылғы сол кездегі Еуропа чемпиондары кубогының жартылай финалында тіркелді. Екі ойын қорытындысы бойынша жалпы есеп тең аяқталып (2:2), қайта ойналған матчта «Реал» 2:1 есебімен жеңіске жеткен еді.
ПСЖ мен «Барселонаның» биылғы маусымда бір топта болғанын білеміз. Сол сында Париждің командасы өз алаңында 3:2 есебімен жеңсе, сырт алаңдағы ойында 1:3 есебімен есе жіберді.
Сондай-ақ, қос команда 2012-2013 жылғы маусымның ширек финалында да бір-біріне қарсылас атанған еді. Екі ойын нәтижесі 3:3 есебімен тең аяқталса да, сырт алаңда соққан голының септігімен жарысты «Барселона» жалғастырды. Ал 1997 жылы аталған қарсыластар Кубоктардың кубогы жарысының финалында кездесті. Роттердамда өткен сол ойында Каталонияның командасы 1:0 есебімен жеңіске жетті. Жалғыз голдың авторы Бразилияның даңқты ойыншысы Роналдо болғанын айта кетейік.
«Порту» 1987 жылы Еуропа чемпиондары кубогының финалында «Бавариямен» ойнап, 2:1 есебімен жеңген. Ал мюнхендіктер басты еурокубок бәсекесінің ширек финалында «Портуды» екі рет айналып өткен. Алғашқысы 1990-1991 жылы тіркелсе (жалпы есеп 3:1), екіншісі 1999-2000 жылғы маусымда болды. Ол кезде қос ойынның нәтижесі бойынша «Бавария» 3:2 есебімен басым түскен болатын.
Чемпиондар лигасының 1997-1998 жылғы маусымында жартылай финалда «Ювентус» «Монаконы» жарыстан шығарғаны белгілі. Алғашқы ойында Туриннің командасы қарсыластарын 4:1 есебімен тас-талқан етсе, қарымта кездесуде 2:3 есебімен есе жіберді.
Чемпиондар лигасының биылғы финалы 6 маусымда Берлиндегі «Олимпиаштадион» стадионында өтеді. Жартылай финалдың жеребесі 24 сәуірде тартылып, ойындар 5-6 және 12-13 мамырда өтеді деп күтілуде.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: uefa.com.