• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
21 Наурыз, 2015

Еуропа лигасы. Ширек финалдың жеребесі тартылды

393 рет
көрсетілді

АСТАНА. 21 наурыз. Футболдан Еуропа лигасының ширек финалында ойнайтын жұптар белгілі болды. Швейцарияның Ньон қаласында өткен жеребе тарту рәсімінде жарыстың қазіргі жеңімпазы «Севильяға» Ресейдің «Зениті» қарсылас атанды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Еуропа лигасының ширек финалында мына командалардың ойындарын көре аламыз: «Севилья» (Испания) – «Зенит» (Ресей) Бұл екеуі де УЕФА кубогын (Еуропа лигасының бұрынғы атауы) иемденген команда. 2005-2006 жылғы УЕФА кубогының ширек финалында қос команда қарсылас атанып, екі ойынның қорытындысы бойынша испандар 5:2 есебімен жеңіске жеткен еді. Сол маусымда «Севилья» алғаш рет УЕФА кубогын иемденді. Сондай-ақ, келесі 2006-2007 жылғы маусымда да испандар жарыс жеңімпазы атанды. Бұл жарыста соңғы рет өткен маусымда топ жарды. Ал «Зенит» 2008 жылы аталған турнирде жеңіске жеткен болатын. «Брюгге» (Бельгия) – «Днепр» (Украина) «Брюгге» Еуропа лигасының биылғы маусымында жеңілмей келе жатқан жалғыз команда. Әйтсе де, бұрын «Днеперден» осы турнир аясында жеңіліп көрді. Яғни 2004 жылы УЕФА кубогының топтық кезеңінде қарсыластарына 2:3 есебімен есе жіберді. «Динамо» Киев (Украина) – «Фиорентина» (Италия) «Динамо» мен «Фиорентинаның» бүгінге дейін төрт рет жолы түйіскен. Соның бірде бірінде украиндер жеңіске жетіп көрмеген. «Вольфсбург» (Германия) – «Наполи» (Италия) 1/8 финалда Миланның «Интерінен» айласын асырған немістер ширек финалда тағы бір Италияның командасымен күш сынасады. «Наполи» 1989 жылы УЕФА кубогын иемденгенін айта кетейік. Ширек финалдың алғашқы ойындары 16 сәуірде өтеді. Қарымта кездесулер 23 сәуірге жоспарланған. Ал Еуропа лигасының биылғы финалы 27 мамырда Варшавадағы «Narodowy» стадионында өтеді деп күтілуде. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: uefa.com.
Соңғы жаңалықтар